Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  210


Автор: Қадыр Мырза Әли

Өнердегі бала дарын

Өнердегі бала дарын,
Жас дарын
Ілтифатпен иді маған бастарын.
Асыл жырдың құпиясын ақтарып,
Адамдардың айналдырдым астарын.
Жігіт болып, рас, кейде ойнадым.
Көбіне-көп бірақ істі ойладым.
Мұхиттағы батисфера сияқты
Бұл өмірдің тереңіне бойладым.
Хайуаналар кейуананы аяп па?!
Жігітіңді жығар мігіт таяққа!
Жақсылықты жалау қылып аспанға,
Жамандықты шұлғау қылдым аяққа!
Қызыл-жасыл құйрығындай тотының.
Шұғылалы сөзден шілтер тоқыдым.
Тура келсе — адам сырын көзінен,
Жалт бұрылса — жауырынынан оқыдым.
Сезім оты өшпейтұғын тамаша от.
Ақ алауға айналмайды шала шоқ.
Мен — Абайдың інісімін жырдағы,
Екеуміздің арамызда бала жоқ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу