Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  227


Автор: Қадыр Мырза Әли

Алысқан ауыздықпен өлең бір ат

Алысқан ауыздықпен өлең бір ат.
Өлеңде болған емес төмен мұрат.
Көңілім бұрынғыдан ұшқырланып,
Шау тартып бара жатыр денем бірақ.
Достарым, жолдастарым сері менің.
Бір сәтке мен де сондай көрінемін.
Көңілім дүбір іздеп тыпыршиды,
Шабуға бірақ өзім ерінемін.
Жігіттік!
Мейрам да өзің,
Сайран да өзің.
Жеткізбес елік те өзің,
Жайран да өзің.
Енді ғой оралмайсың,
Оралмайсың,
Жастықпен қолтықтасқан қайран кезім!
Аяқ-қол қалай шіркін байланбасын!
Уақыт-қу, менен сенің айлаң басым!
Жарысып баяғыдай көңілменен
Белгілі енді менің бәйге алмасым.
Әйтсе де өзімді өзім жеңем деймін.
Қалжыңдап «жігіт» десең дегендеймін
Топ көрсем,
Дода көрсем,
Дүбір көрсем,
Баяғы жас тұлпардай елеңдеймін!
Көтеріп тіршіліктің әлі жүгін,
Есемін алтын жырдың сары жібін.
Көңілдің көк байталын шайнап тастар
Бір сәтке ұстап кетсе кәрі жыным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу