Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  130


Автор: Қадыр Мырза Әли

Самай шашың бәрін еске салады

Самай шашың бәрін еске салады.
Сені сүйіп,
Сені ғана қаладым.
Пайғамбарым деп ұқтың да сен мені,
Мен өзіңді періштеме баладым.
Енді ойласақ со бір көңіл хош күнді,
Кінәлауға болмай қалды ешкімді.
Күрделі екен,
Қиын екен бұл өмір —
Көп нәрсені кейін ұқтық,
Кеш білдік.
Кетпегенмен әбден азып,
Сенделіп,
Батты саған кейбір қылық мендегі.
Кейін білдің:
Мынау жалған-фәниде
Пайғамбар да істейді екен пенделік!
Тірлікте не шайқастар бар,
Майдан бар.
Шабыт шіркін алушы еді қайдан нәр!
Кейін білдің:
Пайғамбарың сенің де
Болып шықты шарап жанды пайғамбар.
Кетпегенмен кек сақтасып,
Өшігіп,
Бір сөйлесу керек болды шешіліп.
Кейін білдің:
Пайғамбар да қыдырып,
Пайғамбар да келеді екен кешігіп!
Көрмеген кез ұл өсіріп,
Қыз бағып.
Болды бізде алып-ұшпа қызбалық.
Кейін білдім:
Періште де құса боп,
Періште де жылайды екен қызғанып!
Өстіп-өстіп өтіп жатты жылдарым.
Көп нәрсені кештеу сезді гүл-дарын.
Кейін білдім:
Періштенің өзінде
Азу барын,
Шағып алар тіл барын!
Әйелге ерсі көрінсе егер ер ісі,
Тарылады махаббаттың өрісі.
Кейін білдім:
Пайғамбардың өзінің
Қалың болу керек екен терісі!
Жер жарылып,
Бөлінгендей көк аспан
Кездер болды ренжіскен,
Таласқан.
Кейін білдік:
Сүю деген —
Бір-бірін
Қинау екен,
Қимау екен о бастан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу