Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  205


Автор: Қадыр Мырза Әли

Ей, сұлулық, мәңгі күтер сыйымсың

Ей, сұлулық, мәңгі күтер сыйымсың.
Сол сыйымды көрсін де көз сүйінсін!
Сиқыр-сұлу торыменен шырмаған
Махаббатың сыны сондай қиын сын.
Болғаннан соң жұмысың дау,
Үйің дау,
Жаның сыздап,
Қабақ содан түйілді-ау.
Қиын! Қиын ғашығына үйленбеу,
Үйленгенің, мүмкін, одан қиындау.
Құлағымыз үйренген соң әлдиге,
Қилы-қилы әңгімелер болды үйде.
Сол Баянға үйленгенде сол Қозы,
Сол махаббат қалар ма еді сол күйде?!
Бөлек менің дәуірім мен уақытым.
Бөлек менің лағылым мен жақұтым.
Сол заманда тумағаным абырой,
Сол Ләйліге жолықпауым — бақытым!
Ақыл дер ем ең сенімді бекетің.
Сезім! Сезім?
Түбіңе сол жететін!
Сол Ләйліге жолыққанда
Мен едім
Ең алдымен Мәжнүн боп кететін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу