Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  112


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жұрт менің жағдайымды білем дейді

Жұрт менің жағдайымды білем дейді.
Жырымды есептейді,
Түгендейді.
Мен болсам өртенемін,
Күйінемін,
Бірақ та жұмысымнан түк өнбейді.
Қалайша көкіректі мұң баспайды:
Ой мен ой,
Сөз бен сөзім жымдаспайды.
Бүреді жүрегімді шеңгелімен
Баяғы Абайменен сырлас қайғы.
Дегендей тірлік маған:
Жоқ керегің,
Өртейді өзегімді шоқ дер едім.
Ешкімді ұнатпаймын,
Жаратпаймын,
Өзімді одан бетер жек көремін!
Жемеймін дастарқанның шұқып асын,
Бұл күйден қалай қашып құтыласың?!
Шаппайды еш нәрсеге зауқым тіпті,
Аумайды еш нәрсеңе ықыласым.
Шабытсыз, бастан кешіп ауыр ойды,
Адасқан қозы-сезім маңырайды.
Отаудай айырылған аруынан
Көңілім кейде солай қаңырайды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу