Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  121


Автор: Қадыр Мырза Әли

Шын бақыт қой елдің саған сенгені

Шын бақыт қой елдің саған сенгені,
Шайпау сөзді ақиқаттың жеңгені.
Қасымдағы көп адамды ұнатпай,
Кейбіреуден қызғанасың сен мені.
Араласпай тұра алмаймын бірақ мен:
Әншіменен,
Сауыншымен,
Мұраппен.
Бір атпенен балшық басып,
Қи тасып,
Қыдыруға болмайды ғой бір атпен.
Несі жақсы?
Несі жақсы?
Талданып,
Жарты ғасыр артымызда қалды анық.
Ақылдыға қосқанменен жұрт мені,
Алаяқтан жүрмін әлі алданып.
Біреу аңқау,
Біреу сондай қырағы.
Қулық-сұмдық — айлакердің құралы.
Көп болғанмен байқағаным,
Білгенім,
Біраз жанда есем кетіп жүр әлі.
Көре-көре адамдардың аласын,
Іштей жүдеп, іштей пәс боп қаласың.
Бір ұққаным:
Жамандар ма деп қалдым
Жақсылардың көтеретін бағасын.
Алаулаған от боп тисек біз қанға,
Біреулердің жаны суық мұздан да.
Асылы бар,
Жасығы бар —
Бәрі бар,
Мені жұрттан аулақтатпа,
Қызғанба!
Биігіне өмір деген қайқаңның
Шығып тұрып ақиқатты айтам мың.
Білу үшін періштенің қадірін
Құшағын да көрген дұрыс сайтанның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу