Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  449


Автор: Қадыр Мырза Әли

Арам дәулет, сірә, менен қаймықты

Арам дәулет, сірә, менен қаймықты.
Алған жоқпын жұрттан артық айлықты.
Жылқыменен,
Түйеменен,
Қойменен
Есептеген емеспін мен байлықты.
Қадыр тегін жібермес деп уақытты,
Құрдастарым мені талай қағытты.
Шығуменен биігіне мансаптың
Есептеген емеспін мен бақытты.
Болмыс солай алақанға сызыпты:
Бір-ақ мәрте сыйладым мен жүзікті.
Қанша қызды құшақтаумен,
Құшумен
Есептеген емеспін мен қызықты.
Ел-жұртыма ұнамасам — қамықтым.
Әр күн онда менің үшін тамұқ-тұн.
Байлығым да,
Бақытым да,
Қызық та —
Маған қалай қарауында халықтың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу