Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  189


Автор: Қадыр Мырза Әли

Өмір солай

Жалған айтсам,
Ғайбаттасам —
Оңбайын!
Кейбіреулер демес сені қолдайын.
Жиіркенеді — лас болсаң,
Кір болсаң;
Таза болсаң — кірлетуге ол дайын.
Көл көңілді өзен болып сыйлайды.
Шөл көңілге бұлақ болып құймайды.
Түйе сұрар,
Бие сұрар — бай болсаң;
Кедей болсаң — көк тиынын қимайды.
Сатылмауға тиісті ғой сөз деген!
Ерлік жайлы,
Елдік жайлы — өзге өлең!
Қарамайды — адам болсаң кеспірсіз,
Сұлу болсаң — ішіп-жейді көзбенен!
Түбінде бір болады деп керегі,
Сен туралы өсек-аяң тереді.
Өліп жатсаң,
Ала алмайды тірілтіп;
Тірі жүрсең,
Ауру тауып береді!
Жоқ оларға сөзі өтетін Төлеби.
Мұның бәрі көне жырлар,
Көне күй.
Ағайынның аты ғана ағайын...
Өмір солай! Өмір солай!—




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу