Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  224


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жалған атақ

Алдыменен өзің үшін анықта:
Ақиқатқа құлақтарың қанық па?!
Анау сыйлы,
Анау үлкен орында
Торғайдай боп көрінесің халыққа.
Айналайын,
Өмір деген көрмеде
Орын тарлау ездер түгіл ерге де.
Бір құдірет отырғызып қойғанмен,
Саған салмақ бітпей қойды төрде де!
Ауылдас бір бала едің сен кекілді,
Аяқ асты тиді саған өкілдік.
Үстіңдегі анау шенді шекпен де —
Сенікі емес —
Өзгенікі секілді.
Ырысы ма ана менен баланың,
Сен әйтеуір мықтысысың қаланың.
Анау ойсыз,
Анау отсыз көзбенен
Ойнап жүрсің ролінде дананың.
Сен туралы айтылады сөз удай.
Сөз дегенің атқа тиген божыдай.
Атағың бір алтын аула,
Ал затың
Сол аулаға байлап қойған қозыдай
Оқасы жоқ!
Көктем өтіп,
Күз өтіп,
Таусылады жұрттың жалған ізеті.
Өмір бүгін жіберген сол қатені
Өлім ертең алады өзі түзетіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу