Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  144


Автор: Қадыр Мырза Әли

Адами арман

Қалмаса да соңымнан тасыр қайғың,
Қиындыққа ешқашан бас ұрмаймын.
Қызықпаймын түкке де,
Бірақ осы
Жүз жасағым келеді,
Жасырмаймын!
Құдіретімен әйгілі өнер-емнің
Көктем сайын әлі де көгерем мың.
Көрсем деймін бір ауыл ұрпағымды,
Көрсем деймін баласын шөберемнің.
Өмір нәрін кім сарқып ішіп көрді!
Әлі талай тоздырам ішіктерді.
Көрсем деймін
Таласып атасына
Жағаласқан өзара «күшіктерді».
Сый-құрметін көрсетіп ортам маған,
Балаларым әр түрлі жар таңдаған.
Алып келсе келінді тәрбиелі,
Алып келсе келінді тортаңдаған.
Көрсем деймін ертеңнің ыдыс-бағын,
Бұлтты күні арқамның құрысқанын.
Көрсем деймін
Абысын-келіндердің
Жоқтан өзге нәрсеге ұрысқанын!
Әзәзілдің сөзіне ерсең мейлі,
Ұсағына өмірдің ер сенбейді.
Әйелдерін жақтасып шыж-быж болған
«Мықтыларды» сыртынан көрсем деймін!
Қазірде де тұтас бір ғасырдаймын.
Қырсық сөзді басымнан асырмаймын.
Ақын емес,
Түк емес,
Ата болып
Жүз жасағым келеді,
Жасырмаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу