Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  121


Автор: Қадыр Мырза Әли

Біздің буын

Біз кәдімгі Мауглиміз,
Тарзанбыз.
Жасанды емес,
Шын табиғи маржанбыз.
Қызықтырған жоқ біздерді қымбат зат,
Қызықтырған жоқ біздерді арзан қыз.
Қанатты біз қатпай жатып қомдадық.
Өзімізді тек өзіміз қолдадық.
Қол баласы болмадық біз ешкімнің,
Ешкімге де күшік күйеу болмадық.
Біздер үшін қасиетті ертегі,
Біздер үшін айтылған сөз — серт еді.
Емтиханның бәйгесіне ат қосып,
Оқуға да түстік біздер тер төгіп.
Жетектеген жоқ біздерді ағамыз.
Жүз жыртылып,
Жүз тігілген жағамыз.
Қандай білім болса мидың ішінде,
Дипломның ішінде сол бағамыз.
Аштау болдық,
Кейде шайға қанбадық.
Көмек сұрап бірақ та хат салмадық.
Енді бізде машина бар,
Оны да
Әкеміздің ақшасына алмадық,
Перзентіміз,
Перзентімін мен елдің.
Не болса да еңбегіммен көгердім.
Жүлдені де сұрап алмай, қарағым,
Тартып алдық көкпарында өнердің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу