Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  125


Автор: Қадыр Мырза Әли

Құштарлық

Тіленіп-ақ тұрса да тамашаға,
Түсінеді халімді бала-шаға.
Әйтеуір мен құмармын тыныштыққа,
Әйтеуір мен құштармын оңашаға!
Сақал-шашым біршама ағарғанда
Душар болдым ғажайып көп арманға.
Әйтеуір мен құмармын өзен-көлге,
Әйтеуір мен құштармын көк орманға.
Бір сәттерді сағынып,
Мұң басқанда,
Бір өлеңім татиды мың дастанға.
Бүлдіргендей жұлдызды үзіп жейтін
Әйтеуір мен құштармын түнгі аспанға.
Алып қашып көңілім нұрлы асуға,
Асығамын майсаны бір басуға.
Әйтеуір мен құштармын
Күбір-күбір
Табиғаттың өзімен сырласуға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу