Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  427


Автор: Қадыр Мырза Әли

Туған жер

Тыртығы бар тарихтың денесінде
Туған жердің ырқына көнесің де.
Көне етіктің ұлтанын жұлып алар
Көктемдегі көк сазың әлі есімде.
Ауылым-ай!
Уақыттың кемесінде
Зәкіріңді түсірмей келесің бе?!
Кеңсірікті қаңсытып жіберетін
Аңызағың,
Аптабың әлі есімде.
Көрген адам айтқан соң,
Сенесің де.
Инесі бар аяздың жебесінде.
Апта бойы ашылмай,
Көміп кетер
Алай-дүлей бораның әлі есімде.
Туғаннан соң, қайтесің өлесің де.
Жағасында өзеннің,
Дөңесінде
Бабам жатыр,
Атам мен әкем жатыр...
Бәрі есімде,
Туған жер,
Бәрі есімде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу