Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  217


Автор: Қадыр Мырза Әли

Маған түк те керек емес – сенсеңіз.

Маған түк те керек емес – сенсеңіз.
Қызықтырма соғымыңмен ең семіз.
Қора-қора мал ұстауға болады,
Одан бірақ көтерілмес еңсеміз.
Маған түк те керегі жоқ – сенсеңіз.
Маған түк те керек емес — сенсеңіз.
Сарғаяды жапырағың, келсе күз.
Артық нәрсе ала алмайсыз өмірден,
Адалдықтың ақ уызын емсеңіз.
Маған түк те керегі жоқ— сенсеңіз.
Маған түк те керегі жоқ — сенсеңіз,
Жақсы жандар — жалғыз болмай — болса егіз.
Жоқты-барды жинай беріп қайтемін,
Бәрі қалар, бәрі қалар, өлсеңіз.
Маған түк те керегі жоқ — сенсеңіз.
Маған түк те керегі жоқ — сенсеңіз,
Өзге жарық көмектеспес — сөнсеңіз.
Асылыңнан, алтыныңнан не пайда,
Енді қайтып оралмайды он сегіз!
Маған түк те керек емес — сенсеңіз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу