Өлеңдер ✍️

  28.05.2021
  136


Автор: Қадыр Мырза Әли

Көп өмірдің жауабынан сұрағы

Көп өмірдің жауабынан сұрағы.
Жеткізбейді ойдың жүйрік пырағы.
Шахматтың бір мастерін
Қалайша
Жеңгеніңді айтқың келіп тұрады.
Жанған кезде қос жанардың шырағы,
Байқамасты байқайды ғой қырағы...
Бір сұлудың саған деген ниетін
Біреулерге айтқың келіп тұрады.
Қуанышқа қандай дәулет тең еді!
Жанында оның желкілдейді желегі.
Ұлы адамның қолын қыссаң,
Соны айтып,
Дүниеге айқай салғың келеді.
Мақтанбасаң қуанышың өледі,
Үрлемесең оттың өзі сөнеді.
Жыр туғанда,
Дабыл қағып,
Жер жүзін
Аяғынан тік тұрғызғың келеді.
Көңіл бағы қуаныштан көктейді,
Қуанбаса күн де нұрын төкпейді.
Басқалар да мақтайды ғой,
Мәз болып,
Өзің жұртқа мақтанғанға жетпейді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу