Өлеңдер ✍️

  28.05.2021
  129


Автор: Қадыр Мырза Әли

Заман мәнін, адам жанын аз біліп

Заман мәнін, адам жанын аз біліп,
Ішкен тамақ, киген киім мәз қылып,
Шыныменен өтеді ме бұл ғұмыр?!
Алдап-арбап лауазым мен шен-шекпен,
Бөлінбейтін бүтініңді бөлшектеп,
Шыныменен өтеді ме бұл ғұмыр?!
Салқынды ыстық, ыстығыңды салқын деп,
Темірді мыс, мыс пен жезді алтын деп,
Шыныменен өтеді ме бұл ғұмыр?!
Бейшара боп қарауында масылдың,
Бағасына өткізе алмай асылды,
Шыныменен өтеді ме бұл ғұмыр?!
Сені сынап, сен оларды сынамай,
Жұртқа ұнап қартқа бірақ ұнамай,
Шыныменен өтеді ме бұл ғұмыр?!
Біреулердің банкетінде отырып,
Өтірікке сенген болып өтірік,
Шыныменен өтеді ме бұл ғұмыр?!
Саулықтың да болмай әбден мәнісі,
Мынау сасық тұмауменен алысып,
Шыныменен өтеді ме бұл ғұмыр?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу