Өлеңдер ✍️

  28.05.2021
  154


Автор: Қадыр Мырза Әли

Мидың ойсыз бостарынан шаршадым

Мидың ойсыз бостарынан шаршадым.
Мылжыңдардың тостарынан шаршадым.
Ұйықтатпайтын ақ жындардан шаршадым.
Күлдірмейтін қалжыңдардан шаршадым.
Ақмақтарды кешіруден шаршадым.
Ашу өртін өшіруден шаршадым.
Күмілжіген жасық сөзден шаршадым.
Күлімдеген ғашық көзден — сақтай гөр!—
Қай кезде мен ғашық көзден шаршадым?!
Барар жерге тап-таза боп жетемін.
Бойдағымды сарқып беріп кетемін.
Маған жайған текеметті — кілеммен,
Тас бөстекті — құс төсекпен өтедім.
Барар жерге тап-таза боп жетемін.
Бойдағымды сарқып беріп кетемін
Өзім жеген құлақтарды — жамбаспен,
Қозы-лақты — қошқарлармен өтедім.
Барар жерге тап-таза боп жетемін,
Бойдағымды сарқып беріп кетемін.
Қастан ішкен қара суды — шәрбатпен,
Алғы сөзді — абыроймен өтедім.
Дәм таусылып нұрлы туын жығар күн.
Есептеулі дем қалғанын ұғармын.
Жамандықты жамандықпен қайырмай,
«Қарыздар» боп кететұғын шығармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу