Өлеңдер ✍️

  28.05.2021
  178


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жер болмаса жеңгеге жазған аға

Жер болмаса жеңгеге жазған аға,
Жоқтамаса жалғызын боздап ана...
Құдіретті сөз болып дарысам ғой
Қыз алдында қысылған бозбалаға!
Жұқармасын жүйкенің талшығы өліп,
Жақсылықты мендегі алшы бөліп.
Тасыр шөлде талықсып кеткен жанның
Таңдайына тамсам ғой тамшы болып!
Қалғып тұрған гүлдердің ортасынан
Қызығамын араға бал тасыған.
Ақша таппай қысылған жомарттардың
Алтын болып шықсам ғой қалтасынан!
Шөпілдетіп шанақта күй шарабын,
Шерлі досқа шаттықтың құйшы арағын!
Үміт жібін қайтадан жалғасам ғой
Күдер үзген өмірден бейшараның!
Арман әсте тұрмайды ұя салмай,
Ағарады бірақ та мына самай:
Ойдағыға
Бойдағы күшің жетпей,
Көңіліңе
Өмірің ілесе алмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу