28.05.2021
  314


Автор: Мархабат Байғұт

«ШАҚ-ШҰҚ»

Мұхтар Шерім Бәйдібек ауданында туып-өскенімен, шәкірттік шағы Түлкібас жағында өтті-ау деймін. Мектепте оқып жүріп, аудандық «Шамшырақ» газетінің редакциясына өлеңін әкелгені есімде. «Өлең-сөлең» жазатындар, шимай-шатпақтарын шығармасаң, бітіспес жау тұтатындар көбейген кезең еді. Сондайлардың біреуінен әзер құтылып, ашуланып, аудармамен бас қатырып отырғанымда Мұхтар бала да «лирикалық» бірер шумағын газетке әкеле қалыпты. Оқыдым-дағы, жыртып-жыртып, қоқыс қорабына тастай салдым. «Мынауың өлең емес, бүйтіп жазғанша тып-тыныш сабақтарыңды оқысаңдаршы!» – дегендей бірдеңені айтып, бұрқ еттім.
Жанары салқындау бала екен, көздері одан сайын суып сала берді. Сонда бар ғой, егер қолында садағы болса, менің желкемнен жебесімен тесіп жіберердей жағдайға түскенін жон арқаммен сезінгем.
Сол бала күндердің күнінде сатираның садағын асынып, жебесін кезеніп шыға келді.
Ә дегеннен-ақ нысаналарды дәл көздейтіндігімен дараланды.
Талантын танытты.
Бүгінде сықақшы қаламгер Мұхтар Шерімді күлкі мәнісін түсінетін, талғампаз оқырманыңыз да, көрерменіңіз де, тыңдарманыңыз да жап-жақсы, жан-жақты біледі.
Қазір Мұхтар ініме әзіл-шынын араластыра айтып қоям: «Баяғыда әлгі «жырыңды» жыртып тастағаным жаман бомады. Әйтпесе, әйдік әзілқой, сұмдық сатирик емес, жай өлеңдегі жайбасар, ортақол ма, одан да төмен бе, көптің біріне айналып кетер ме ең?» – деп.
«Мүмкін, Мәке, мүмкін», – деп өзі де мойындайды.
Кей-кейде мойындағысы келмей, мұрнын шүйірер. Онысы һәм жарасады өзіне.
Өлеңін жыртқаннан кейінгі арада талай-талай заман өтті.
Онда «Оңтүстік Қазақстан» газетіндемін. Мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің аса беделді, мықты кезі. Сол білдей бөлімді басқарамын. Бәрібір, бұрынғыдай тәржіман тірлік, мыңдаған хат-хабар, «өлең-сөлең», «романдар». Бір минөт бас бұрмаққа шамаң жоқ.
Мұхтардың бірен-саран дүниелерін «Қақпан» сын-сықақ мүйісіне беріп тұратынбыз. Өзі әжептеуір-ақ танылып үлгерген.
Күндердің күнінде жұмыс таба алмай әбден қиналғанын айтып, шаршап-шалдығып, қиылып кеп тұрыпты.
Жауапты хатшымыз Байдулла Қонысбек мырзаға кіріп: «Байеке, «Қақпан» сын-сықақ мүйісіне таптырмайтын сықақшы ғой, жұмысқа алынуына жәрдемдесіңізші», – дедім. «Жаухатшы» желкесін қасыды. Маңдайын ысқылады. Сол қолының шодырайған шынтағын үстелге соғып алып, қабағын шытты: «Дәл қазір бос орын жоқтығын біліп тұрып, буынсыз жерге пышақ ұрасыңдар», – деді. «Буыныңыз осал емес қой, бір орын босап қалатын түрі бар ғой, соны біздің бөлімге...», – дедік. Ақкөңіл ағамыз: «Әбекеңе айтайыншы», – деп бас редакторға кірді. Түсі суыңқырап шықты. «Асықпай қоя тұрайық, обкоммен келісу керек», – депті бастық.
Мұхтарға: «Әзірше орын жоқ екен, хабарласып тұр», – дедім. Шынымен-ақ көзіне жас кептеліп, сүйретіліп сыртқа беттеді де қайта бұрылып: «Мына бір сықағымды «Қақпанға» бересіз бе?» – деді.
Әлгі дүниесі «Шақ- шұқ» деп аталады екен. Біраз уақыттан соң бас алмай оқыдым. Ішегім түйілгенше күліп, рахаттанып қалдым. Жүгіріп, «жаухатшыға» бардым. «Бала жыламсырап қайтып кетіп еді, мына сықағын оқыңызшы», – дедім. Байекең де оқып, көзінен жас аққанша күліп, бас редакторға алып кетті...
Көп ұзамай-ақ Мұхтар Шерім облыстық газеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөліміне қабылданып, «Қақпанды» жүргізе бастады.
Қызметке біз арқылы емес, «Шақ-шұқ» деген шап-шағын, шып-шымыр сықақ әңгімесінің арқасында қабылданған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу