28.05.2021
  323


Автор: Мархабат Байғұт

ТҮРКІ ДАСТАНЫ - Есімі елдің есінде

Батырбек Өтеп 1967 жылы Львов қаласындағы қолданбалы өнер институтында оқып жүріп, күнделік жазған екен. Қазір оның сары, қызыл, қоңыр дәптерлері мен шағын-шағын блокноттары зайыбы Бибіайша ханымның сандығында сақтаулы. Артында қалған мұраларын айналымға түсіріп, аянбай бейнеттенетін Бибіайшаның сол сандығындағы сары дәптерде студент Батырбек былай деп жазыпты: «Бүгін күн босқа өткен сияқты. Себебі, кеше біздің бөлмеде қыздар, балалар бас қосқан еді. Содан бүгін күні бойы тынығуға тура келді. Кеше аздаған ұйым құру туралы сөз болды. Ешқандай алдын-ала тұжырым болмағандықтан, ешқайсысы жете мән берген жоқ». Сол сары дәптердің бір тұсында: «Экраннан, радиодан, телевизордан, әйтпесе ауызекі болсын, өз ұлтыңыздың атына жақсы сөз естісеңіз, қалай көтеріліп қаласыз?! Ал, кейбір топастардың жөнсіз басынуы...» деген сөйлемдер жазылып, ой аяқталмай қалыпты.
Енді қызыл дәптерді қолыңызға алсаңыз, төртінші курстың студенті Батырбек Өтеп: «Мендегі мақсат – қазақ елі үшін әйтеуір пайдалы, керекті, бүгінгі күнге қажет тетіктердің бірі болсам деймін. Елімнің басқа елдерден елі, тарихынан тарихы, жерінен жері, т.б. кем емес, сонда да еңсесін көтеріп, бір бой көрсете алмай-ақ келеді», – депті. Осы дәптердің сарғайған беттері одан әрі сыр шертеді: «Өнердің ең үлкен өлшеуіші суреткердің өз шері мен туған еліне деген махаббатымен өлшенетін секілді». «Адам мен айуанның айырмашылығы неде? Айуан өз үлесін алса, тойынып, тыныш табады. Ал, адам неге өзгенің үлесін де қарпып қалғысы келеді? Сонда қайсысы артық? Менің кейде өз сыбағамды біреуге беретінім бар. Оған онша қажет болмаса да, тартынбайды...» «Халықтың халықтығын, елдің елдігін көрсететін факторлар оның тарихы, дамып келген өнері». «Қазақтың текемет басу өнерінің ерекше екенін, өнердің биігіне көтерілгенін байқаймыз. Монреаль қаласында өткен көрмеде француздың атақты суретшісі Леже текеметтің композициялық шешіміне, түсіне, өзіне ғана тән ерекшелігіне, сұлулығына жоғары баға берді». «Мен өзімді суреткермін деп есептейтін болсам, алған бағытыма өте-мөте адал болуға тиістімін. Өз алған мақсатымның жолында ешкіммен де, ешқашан да, жалған, көмескі келісімге келуге болмайды. Құдай-ай! Бұл – өзіңді өзің масқаралық халге душар ету, ар-ожданнан жұрдай болып, өзіңді өзің жоқ ету деген сөз ғой!!!»
Күнделіктер осылайша жалғаса береді. Студенттің соншама салмақтылығына, салиқалы пікірлеріне, орнықты ойларына аса ризаланып, ары қарата парақтай бергің келеді, оқи түскің келеді.
Батырбек Өтеп кім еді?
Қазақтың ұлттық гобелені өнеріндегі жарық жұлдыз болатын ол. Өнеріміздің осы саласында өздерінің өшпес іздерін қалдырған, өмірден тым ертерек озған қос жұлдыз бар. Олардың екеуі де – Оңтүстік Қазақстанның, суретшілік, суреткерлік дарыған өзгеше топырақтың жапырақтары. Екеудің бірі Құрасбек Тыныбеков 1980 жылы 33 жасында, екіншісі Батырбек Өтеп 1992 жылы 45 жасында қайтыс болды.
Батырбек Өтептің алпыс жылдығын осы күндері Оңтүстік жұртшылығы айтарлықтай-ақ атап өтуде. Гобелен өнерінің хас шебері Өтептің аты берілген өнер мектебінің алдында суретшінің мүсіні орнатылды. Батырбек Өтеп көшесінде, аталмыш өнер мектебінде еске түсіру жиындары өтеді. Туындыларының арнайы көрмесі ұйымдастырылады.
Батырбек Өтеп талантты, тағдырлы өнер иесітұғын. Жастайынан тұрмыс тауқыметін көп көрген. Он бес жылдан астам уақыт бойы айықпас аурумен арпалысты. Сонда да өзінің күнделіктерінде жазғанындай, мақсат биігіне талпынудан танбады, өнер жаратты, қазақ елі үшін, туған ұлты үшін пайдалы, аса қажет тетіктердің бірі болмаққа ұмтылды. Бола білді де!
Ол көзі тірісінде өнерін бұлдамады, міндетсінбеді, ешкімнен де, ешқандай билік орындарынан да ештеңе сұрамады. «Үйім нашар, күйім төмен, маған жағдай керек» демеді. Дүние-мүлікке, үй-жай мен жақсы жағдай дейтіндерге біртүрлі, келемеждей қарайтын. Тек тап-таза, кіршіксіз өнерге ғана табынған күйі, қарапайым ғана қалпында, сыр берместен, сырбаз ғана өтіп кете барды бақиға.
Жетпісінші жылдары Батырбек Өтептің алғашқы гобелендік туындылары көрмелерге қойыла бастаған. Бірақ жылдам алынып тасталатын. Сексенінші жылдары Батырбек шығармаларындағы тым-тым тарихшылдық пен ұлтжандылық, түркішілдік пен қазақшылдық, қолданбалы өнерге тән құндылықтардың терең философиялық-тарихи арнада тоғысулары, қандай туындысында да жасырынып жататын мұң мен сағыныш, арғы ататек пен алдағы армандарды аңсау және кенет атойлап, ат ойнатып шыға келетін күрескерлік талай-талайларға ұнай бермес еді. Осындай-осындай өзгешеліктеріне байланысты Батырбек бірталай көрмелерден, бағалаулардан, тағысын-тағылардан шетқақпайланып қала беретін. Онсыз да жарым көңілі бәсеңдеп, жыртық тұрмысы титықтатып, дертіне дерт қосты. Бірте-бірте ол бес қабатты бетон үйдің ең жоғарғы қабатынан мүлде түспейтінге, далаға шықпайтынға айналды. Алайда, жазып-сызуын, сызып-жазуын тоқтатпады.
Батырбек Өтеп «Отбасы», «Шілде», «Өмір өрнегі», «Атамекен», «Өскен өңір», «Өркендер», «Біржан – Сара», «Бозторғай» сияқты талай-талай тамаша туындылар жаратты. Олардың көпшілігі гобелен, кейбіреулері кілем, текемет пен тұскиіз немесе алаша.
Әрине, Батырбек суреткердің ең басты туындысы – «Түркі дастаны» үштағаны. Бүгінде бұл шығарма бүкіл дүние жүзі болмаса-дағы, жарты әлемді жаулап алды десек, онша артық айтқандыққа жата қоймас. «Түркі дастаны» қазір Астана мен Алматының, көптеген алыс және жақын шет елдердің бірталай жерлерінде, өнерді бағалай білетін мыңдаған үйлердің төрлерінде ілулі тұрыпты. Тіпті бір кездері Батырбектің туындыларын «тым ұлтшылдық бағытта» деп бағалап, қорқа қарайтын, шошып-шоршитын обкомдардың – бүгіндегі облыстық әкімдіктердің үлкен залдарындағы құрмет тұтар қабырғалардан да көріп жүрміз. «Түркі дастаны» үштағаны – терең тебіреністі толғау, шын мәніндегі дара дастан.
Белгілі журналист, өнер зерттеушісі Нұрлытай Үркімбай осы «Түркі дастанын» былай талдайды: «Бұл – триптих. «Серт» деп аталатын бірінші бөлімінде ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен тұста батыр қазақ ұланы жау қолынан шейіт кеткен ата-бабалардың азаттық үшін күресін одан әрі жалғастыруға серт береді. Жауынгерлер болмысында шамырқаныс, ел тәуелсіздігі үшін күреске деген құлшыныс атойлап тұр. Олардың арқа тұсында жорық дүбіріне құлақ түре елеңдескен қаңтарулы жүйріктер... Екінші бөлім «Жеңіс тойы» деп аталады. Жауын жеңіп қайтқан ер ұландарын бар құрметімен қарсы алған ел мәре-сәре. Сәби баланы ақ киізге көтерген жаужүрек жауынгерлер тұтаса сап түзеп тұр. Бұл – аманат тапсыру белгісі. Қобызшы қария өткен тарих қойнауына еніп кеткендей. Домбырашы ақын ұрпақтар жалғастығы жайында жыр төгуде. Бір шетте елігін жетектеген бүлдіршін қыз қос батырға қолындағы гүлін ұсынуға бата алмай тұр ма, қалай?! Ел-Ана, Жер-Ана батыр ұландарына ризалығын білдіріп, көкке қолын жаяды... Триптихтің үшінші бөлімі – «Күрес». «Жеңіс тойында» жауынгерлердің аттан түспеу сыры енді ашылғандай. «Күрестегі» иық тірестіре қатар тұрып, жауына жебе кезенген жауынгерлер болмысы аса сұсты. Түркі даласының бостандығы үшін күрес одан әрі жалғасуда...»
Батырбек Өтептің «Түркі дастаны», тағы басқа да түркілік, тарихи-ұлттық тіндегі, дара дарындық ділдегі дүниелері енді-енді бағаланып келеді. Ал, шынтуайтында, бұл суретші бүгінгі бостандық үшін сонау сексенінші жылдары белсене күрескен суреткер еді. Өзінің гобелендері арқылы айқасқа шыққан, текеметтерімен тектілікті қорғаған, кілемдерге түскен өзіндік өрнекті шығармаларымен шынайылық үшін шырқыраған, алашадағы айшықтарымен алаш санасындағы тәуелсіздікке талпыныс қасиетін қастерлеген. Бір сөзбен айтқанда, өлмейтін өнер қалдырған. Батырбек өз күнделігінде: «Өнер адамының өз ұлты еркіндікте болмайынша, еш уақытта еркін болуы мүмкін емес», – деген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу