28.05.2021
  151


Автор: Гүлдәрия Әшірбаева

БАҒЫ БАР БАЯН

 Таңертең құстардың құйқылжыған үнінен оянды. Апасының:
       — Әлихан, тұра ғой балам, сабағыңнан кешігесің, − деген даусын естісе де естімегендей, еркелеп жатыр еді, көз алдына бірінші сабақтағы математика пәнінің мұғалімі елестеп, жылы төсегінен атып тұрды.
       Асығыс киініп, беті-қолын жуып, қорадағы сауылған сиырларды босатты. Маң-маң басқан зеңгі баба тұқымын падашының алдына тырқыратып салып, Баянға жайдақ мінді де, Ханқорғанды бетке алды.
       Кең дала тамылжып-ақ тұр. Әсіресе, Ханқорғанның төбесінен төменге қарасаң! Дүниенің төрт бұрышын түгел көргендей боласың. Әне, қырдың аңғарын қуалай аққан Арысты көмкерген қалың тоғай – ала жаздайғы жасыл шапанын қызғылт-сары, күрең түске өзгерте бастапты. Жорға жүріспен жүріп, Баянды Ханқорғанның жусанды төбесіне арқандады.
       Сабаққа бармай-ақ, оңаша, әдемі бір жерде отырып, балық аулағысы келіп кетті. Бірақ бірінші сабақтағы математика пәні мұғалімінің сұсты сұлбасы көз алдына елестегенде, жотадан төмен қарай жүгіріп кеткенін байқамай да қалған. Сол екпінмен сай жиегінде тоқтай алса-шы.
       Апасы әзірлеген шайға да қарамай, қою айраннан бір кесені сіміре салып, босағада жатқан сөмкесін ала-мала мектепке жүгірді.
       Басқаны қайдам, Әлиханға математика сабағы еш ұнамайды. Шым-шытырық есептері мен формулаларына тегі түсінбей-ақ қойды. Мұғалім де бір өлермен. Оқуға ықыласы төмен, әжесі айтқандай «басына май құйсаң да адам болмайтын баланы» жайына қоя қойса болады ғой, жоқ өйтпейді, әдейілеп, өзі сияқтылардың қасына кеп, қақылдап тұрғаны. Амал жоқ, тақтадағы есепті көшіреді, мұғалімді тыңдаған болып, құры қарап отырады. Бірақ ойы басқа жақта. Ханқорғанда арқандаулы қалған Баянды, Махачкалада жүрген әкесін ойлайды. Қиялымен паромға мініп, Кавказға жетіп, Әзербайжанның көшелерін шарлайды.
       Әлиханның әкесі Әзімхан − жүргізуші. Жекеменшік «Камаз» көлігімен алыс-жақын шетелдерге жүк тасымалдайды. Осы сапарында әзербайжанның Махачкала қаласына аттанған. Жақын арада қалта телефонына хабарласып, тағы да екі ай бөгелетінін айтты. Ал анасы – үй шаруасымен айналысып, қазан-ошақтың басында.
       «Бүгін түстікке не тамақ әзірлеп қояр екен?»
       − Шерімов, тақтаға шық!
       Ал, әйтпесе!
       − Катет қайсы? Гипотенуза қайсы? Тақтадағы үшбұрыштан оларды тауып, айырмашылығын айтып бере ғой.
       Сүйретіліп шығып, борды қолына ұстады. Мұндайда көз қиығын бірінші партада отыратын Гүлшатқа тастайтыны бар. Оған енді қарай бергені сол:
       − Шырр! Шырр! Шырр! − Қоңырау соғылды.
       Уфф! Құтылды-ау, әйтеуір!



* * *


       Түсте үйге келген соң, тамағын ішіп, Баянды жылжытуға жөнеді. Таңертеңгі межелі орынға барғанында, Баян көрінбеген. Босанып кетті ме? Босанса – қазық пен арқан жату керек. Үріксе – арқанды үзіп, жартысы орнында қалуы керек ... Арқан қазықпен бірге кететіндей, жер де жұмсақ емес. Ала жаздай бір тамшы тамбастан, қуаңшылық күзге жетіп, топырақ тандырдай кеуіп жатыр. Азанда ғана қазықты таспен қағып, әзер дегенде кіргізбеп пе еді!? Төңіректі түртінектеп-ақ қарады, мойын жіп қазығымен жоқ. Апыр-ай, қайда кетуі мүмкін!? Әрі іздеді – таппады, бері іздеді – таппады. Іңір қараңғылығы түскенше, аяғынан тозып, Ханқорғанның айналасындағы ен тоғайды шарлады. Ақырында шаршап-шалдығып, үйге қайтты. Анасы уайымдап отыр екен. Мән-жайды білген соң, алаңдаушылық білдірді.
       — Әкеңнің адал ақы, маңдай терімен тапқан малы еді, балам. Жиған-терген еңбегін өзі жоқта ит пен құсқа рәсуә етпейік. Тамағыңды іш, жылы киініп ал. Мен Мырза аға мен Тәтті қайныма барып, бір ауыз айтайын, — деді. «Мырза ағасы» — Айту көкесі, тоғайға түсіп бара жатқан жолда, жардың басында тұрады. «Тәтті қайнысы» әкесінің туған інісі – Шырынхан, оның үйі тиіп тұр.
       Сүт пісірім уақыттан кейін, ауызғы бөлмеден апасы сөйлей кірді:
       — Дайынсың ба, балам? Тәтті қайным үйінде жоқ екен. Мұхтар екеуің Мырза ағаға барып, ертіп шығатын болдыңдар. Қастарыңда ес болады, — деп, Мұхтардың жетегінде тұрған аттың шылбырын қолына ұстатып, қолтығынан демеді.
       Мұхтар – Шырынхан көкесінің тұңғышы. Әлиханнан екі жас үлкендігі бар, қазір 10-сыныпта оқиды. Әнеугүні ғой, мектепте, 8 ─ «А-Б» сынып оқушылары футбол ойнап жүргенде, қарсылас екі топтың арасында кикілжің туып, соңы төбелеске ұласқан. Сонда еңгезердей Нұрдәулетпен әліне қарамай, алыса кеткені бар. Ақ көйлектің жаға-жеңі бой-бой болғанын қоя бер, енді таяқ жеп, жеңіліп қаламын ба деп, жан алысып, жан берісіп жатқанында, қайдан сап ете қалғанын қайдам, осы Мұхтар келіп қап, сотқардың сазайын берді. Содан бері оны көрсе, бүйрегі бұрып тұрады.
       Екеуі суыт жүріспен Айту көкесінің үйіне жетті. Ол Мұхтар мен Әлиханның сәлемін алып:
       — Уағалейкумассалам! Кештетіп қайдан келесіңдер? – деп жөн сұрады.
       — Мен Баянды жоғалтып алдым. Соны іздеп...
       — Әй, қалай жоғалтып жүрсің?
       — Кімде болса, арқандаулы тұрған жерінен үптеп кетті.
       — Қой, ей! Полицияға айттың ба?
       — Жоқ! Табылып қалар деп...
       — Оның дұрыс! Елді дүрліктірмей-ақ, қой. Жақсылап қарайық, табылып қалар. Мен қазір...
       Түн. Аспаннан ай да көрінбейді. Айнала тастай қараңғы. Бейуақта жолаушылағанның азабын енді бастан кешіріп тұр. Жалғыздан-жалғыз елегізетін еді, апасының Мырза ағасы мен Тәтті қайнысының баласы тәуір болды. Қарайғанға үңіліп, тысыр шыққанға елеңдеп, қараңғы тоғай ішінде үш аттылы келе жатыр.
       Бұл Баянды әкесі жамағайыны Айтудан сатып алған. «Көз алдымызда өскен ауылдың малы, отын-су тасығанға қуатты көлік. Ауыл арасына мініп жүр, балам!» — деп әперіп еді. Түр-сымбаты келіскен айғырды мініп, ауылдың о шеті мен бұ шетіне салтанатпен жүріп өткенде, Әлиханға өзіндей қатарластары қызыға да, қызғана қарап қалған болатын. Жанындай жақсы көретін Гүлшатты көру үшін, Баянға мініп, оған көрші тұратын сыныптасы Мақсаттың үйіне жиі барғыштай-тын. Сәулеті келіскен сәйгүлігімен бәйгеде озсам, көкпар шапсам деген, ешкімге айтылмаған армандары бар еді...
       Сол шырын шақтар есіне түскенде Әлиханның іші от боп жанды. Енді Баянды таба ала ма, жоқ па?! Екіталай...
       — Әй, саған не болды қорсылдап? – деген Айту көкесінің даусы шыққанда, өзінің жылап келе жатқанын байқады. Көзінен аққан тарам-тарам жас бетін жуып, иегіне құлай бастапты. Көз-жасын көрсеткісі келмей, жүзін бұрып әкетіп, күртесінің жеңімен бір сүртіп алды.
       — Біздің Баян қайда кетер дейсің, әлі-ақ табылады, — деді көкесі атының сауырына қамшы басып. — Құлын күнінен өзіне таныс мекен ғой, бір жерде оттап қалған шығар.
       — Иә, ол да мүмкін, — деп оны Мұхтар қостады.
       — Айтқандарыңыз келсін!
       Сол түні жоқ іздеген үшеу иен даланы шарлап, таң ата құр қол қайтты. Ағасы Шырынханның атын тағы сұрап, ертеңіне маңайдағы Қызыләскер, Көлкент, Ашбұлақ, Түйетас, Амансай ауылдарын шарлады. Ұшты-күйлі жоқ. Жол-жөнекей жолыққан адамдардан да сұрастырды. Көрдім, білдім деген жан кезікпеген.
       Түндерден ұйқы қашты. Әншейінде басы жастыққа тиісімен, кірпіктері айқаса кетуші еді. Енді міне, түн баласына көз ілмейді. Санасы сан-саққа жүгіріп, тек қана Баян туралы ойлайды. Бәрінен де ертең әкесіне не дейді?..



* * *


       Сарсаңға салған күндер мен түндер зулап өте берді.. Қауіп-қатердің жер бетіндегі екі аяқтыдан келгенін Әлихан сезді. Сезсе де, табылып қалар-ау деген үмітін үзбеді. Баянсыз баяғы сәні жоқ, жаяу-жалпы жүрген оның кәдімгідей-ақ, ұнжырғасы түсіп қалған.
       Апасының:
       — Балам-ау, әкеңе Баянның жоғалғанын айта көрме. Алыста сапарлап жүрген адамды алаңдатпайық, көңлі тоқ жүрсін! — дегені бойынша, әкесіне Баян жайында тіс жармады.
       Баянның жоғалғанына тура бір ай өткенде, Айту көкесі аңқылдап үйге кеп қалды.
       — Келін, әй келін! – деді келе бастырмалатып.
       — Есенбісіз, қайнаға!? Келіңіз, төрлетіңіз!
       — Келін, сүйінші!
       — Аа-аа! Сүйіншіңіз дайын!
       — Әй, анау Әлихан қайда? Мен оның Баянын тауып келдім ғой.
       — Көке, шынымен айтып тұрсыз ба?! − Көңіл-күйі жоқ, бар уайымы Баян болып, теледидарға «өтірік телміріп» отырған Әлихан, мына хабарға сенер-сенбесін білмей, сыртқа атып шықты. Тәпішкесін киер-кимес, есік алдында тұрған жүк мәшинесіне ұмтылды. Бейтаныс біреу көліктің жақтауын ашып жатыр екен. Қасына барып, күмәнмен қарады. Шынымен-ақ, Баян! Дәл өзі! Бір айдағы әуре-сарсаңы көрген түстей ұмытылды.
       — Шамалы уақыттың ішінде айғырың семіріпті. Қоңдылығы сонша, түгі жылт-жылт етеді-ей! Қарақшы малдың бабын білетін малсақ па?! — деді көкесі Әлиханның артынан жетіп.
       — Қарақшы дейсіз бе? Ол кім екен? – деді Әлихан.
       Айту көкесі:
       — Мен білмедім. Полиция анықтап, өзіңе айтар, — деді де үлкендерге қарай бет алды.
       Баян Әлиханды танып, осқырынып-осқырынып қойды.
       Көзіне-көзі түскенде... Ет бауыры езілді... Есіл жануардың жанары жәутеңдеп, көз шарасынан мөлт-мөлт жас тамды... Қасында көкесі, бауырлары болмағанда, көрші-қолаңның қарасы көбеймегенде, Баянға қосылып, мойнын құшып, еңіреп бір жылап алар еді...
       Көпшілікпен бірге тұлпарды орнына жайлап, үйге кірді. Қарындастары зыр жүгіріп дастархан жайды, інісі самаурынға жармасты, шешесі қазанын көтеріп, бәрі бір пәсте мәре-сәре болып қалған. Жақсылық хабар жатсын ба:
       — Қайтқан малда қайыр бар!
       — Құтты болсын! ─ дескен жұрт Әзімханның үйіне қарай ағылды.
       Дастарханның төрінде – Айту көкесі, жанында — бейтаныс жүргізуші.
       Оларды ортаға ала қаумалап, ақсақалдар мен көрші-қолаң жайғасты. Көпшіліктің бас-аяғы жинала бергенде Зайділдә көкесі:
       — Ал енді Айеке, ел ішінде жоғалып жатқан мал көп. Біздің Баянның басына қонған бақ – ертең осы отырған ел-жұртқа жұғысты болсын! Баянды тауып келген сізге рахмет! Оны қайдан, қалай таптыңыз, әңгімеңізді айта отырсаңызшы, – деді шыдамсызданып.
       Айекең арқасындағы жастықты қомдап алып, сөзін сабақтады:
       — Баянды құлын күнінен күтіп баптаған өзім. Бақандай бес жыл қарағасын, оның дене бітіміндегі ерекшеліктерін де жақсы білемін. Қаражатқа зәру болып, көз алдарыңызда осы шаңырақтың иесі Әзімханға сатып едім. Оның қолды болғанын Әлиханнан естігенде, ішім удай ашыды.
       Әнеугүні менің үйіме Шымкентте тұратын бажам мен балдызым келген. Қоярда қоймай, мені өздерімен бірге ертіп кетті. Себебі олар жақында ғана көп қабатты үйден, жер үйге көшкен болатын. «Үйіргелік жерді тазалап, тыңайтқышпен өңдеп, бау-бақша егуге аз-маз дайындық жұмыстарын жүргізісіп, не егеміз, не қоямыз, ақыл-кеңесіңізді айтыңыз. Кәнігі бағбансыз ғой», — деп балдызым қиылғасын, күрек-кетпенімді сайлап, бажама ілестім.
       Жер үйдің ауласын реттеп, шөбін шауып, тасын теріп, жерін ойдым. Қоқыс шығарылды. Теп-тегіс ойылған жердің үстіне жүк мәшинесімен көң түсіріп, оны біркелкі шаштым. Бар шаруа біткен күні кеште, бажама қайда нені отырғызу керектігін ақылдастық.
       «Ауылдағы шаруа шалқайып қалды, тағы бір айналып кеп, көшеттерді отырғызып берермін, − деп ауылға қайтатынымды айттым.
       Білесіздер, бажалар бас қосқанда әңгіме көп. Қалжыңмен қағысып отырып, бірер шөлмекті босаттық.
       «Ертең маған демалыс. Машинама керекті бөлшектер алу үшін, базарға соғамын. Әрмен қарай аулыңа апарып саламын, Айеке!» — деді бажам. Уәде осы болып, ертесіне күн көтеріле базарға жеттік.
       — Әй, Айту! Әңгімеңді асықпай, даусыңды көтеріп айтшы, білесің ғой, құлағым ауыр, — деді Уәлихан ата құлағын түріп.
       — Қоя тұрыңдар түге, кісіні тыңдайық та!
       Бұл – дүние өртеніп бара жатса да «былқ» етпейтін Төрехан атамыз.
       Жұртшылық елеңдеп, Айекеңнің аузын бағып қалған.
       — Әлқисса, бажамды күте-күте зерігіп, айналадан басжазар іздедім.
       Жолай жылқы малының нарқын біле салу үшін, мал базарға бұрылдым. Мұным еріккеннің ермегі әншейін. Әйтпесе, қалтамда соқыр тиын да жоқ.
       О, тоба! Бұрылғаным сол, әріректе тұрған қызыл күрең қасқаның көзіме оттай басылғаны. Сыртқы пошымы Баянның дәл өзі! Сол ма, басқа ма деген оймен, күреңді алдынан бір, артынан бір орағыттым. Тура өзі! Жануар мені көргенде тыпыршып кетті.
       Бұл туралы полицияға хабар беруге бекіндім. Телімдік полиция бекетін іздеп, әудем жер ұзағанымда, нөпір халықтың ішінен формалы полицейді көзім шалып қалды. Жанына барып, мән-жайды ақырын баяндадым. Ол қолындағы рациямен әлдекімдерді шақырды. Маған:
       — Сіз малдың жанына бара беріңіз. Реті келіп жатса, саудаласуыңызға да болады. Біз сыртыңыздан торуылдап тұрамыз, — деді жүре сөйлеп.
       Мен айғырдың жанына қайта келіп, Баянның иесін сұрастырсам, қасында делдалдан басқа ешкім жоқ. Делдал:
       — Азанда масаңдау бір жас жігіт арқандады, — деді. Сол кеткеннен айғырдың иесі қайта оралмапты.
       — Жобасын да айтпады ма, тым құрыса саудаласып тұрайық та, —дедім айғырды айналшықтап, алатын рай байқатып. Сөйтіп сүт пісірім уақыт тұрғанымда, жанымызға сұңғақ бойлы, арықша денелі, бір жас жігіт келе қалды. Ойымда мал иесі болар деген оймен:
       — Айғырың қанша інішек? – деп ем, — Мен де өзіңіздей алымсақпын, — деді ол жұмсақ жымиып. Жанымдағы делдалдың назарын ала беріп, маған қарады да, көзін бір қысып қойды.
       — Тұлпардың төресі екен! Мал егесі қайда?
       — Соны мен де біле алмай... Айғыр ұнап қалған соң, айналшықтап кетпей тұрмын, — дедім жауап ретінде мен де оған көзімді қысып. Кенет делдал:
       — Әй, бауырым, қайда жүрсің бағанадан бері?! Саудаң кеп тұр, саудаң... Кел, бермен! — деп қос алақанын бірдей ысқылады. Ығы-жығы адам мен мал арасынан бізге тақау келіп қалған жас жігітке зейініміз ауды.
       — Айғырың айғыр-ақ екен! Айт енді нарқын! Бір емес, екі бірдей клиент...
       — Бес жүз мың!
       Бейтаныс жігіттің аузынан осы сөз шыққанда, қасымдағы алымсақ әбжіл қимылдап, жігіттің қолына кісен салып үлгерді. Жан-жақтан бес-алты азаматтық киімдегі полицейлер келіп, бізді ертіп, полиция бекетіне беттеді. Демде опай-топай болған біздерге айналадағылар үрке қарап қалысты.
       Полиция бекетінде бәрімізге түсініктеме жаздырды. Түсініктемеде айғырдың ерекше белгілеріне тоқтала келе, атының Баян екендігін де жаздым. Түсініктемемен танысып шыққан полиция қызметкері:
       — Сонымен, аттың иесі өзіңіз екендігін қалай дәлелдейсіз? – деп сұрады.
       Баянның атын атасам, тұяғымен жер тарпып, құлағын қайшылай қалатын әдеті болатын. Тасада Баянға көрінбей тұрып, атын атап ем, қайран жануар, орнында тағат тауып тұра алмай, кісінеп-кісінеп жібергені.
       — Паһ, шіркін!
       — Бұл әрекетті үш рет қайталадым. Ақыры айғырдың ұрлықы мал екендігіне куәгерлердің көзі жетті.
       Баянның әуресімен жүргенімде, бажам естен шығып кетіпті. Барсам, байғұс жіпсіз байланып, мәшинесінде отыр екен. Болған оқиғаны асығыс айтып, одан қаражат сұрадым. Ол қалтасындағы барын алақаныма салды. Содан полиция капитанына шайпұлын беріп, жүк мәшинесін жалдап, жеткенім осы.
       — Жарайсың, Айеке!
       — Бажаңа рахмет!
       Түрлі қошемет пен қолпаштаулар естіп, қопаңдап отырған Айекеңнің үстіне шешесі шапан жапты. Қолына: «Мынау Әлиханның сүйіншісі!» — деп, бүтін он мың теңгелік ұстатты.



* * *


       Арада екі ай өткенде, Әлиханның әкесі ұзақ сапардан оралды. Үйге сәлем бере келген Айту көкесінің құрметіне семіз көк қошқар сойылып, қалтасына тағы да сүйінші пұл тоғытылды. Ақкөңіл Әзекең, адал малының қайта айналып қазығын тапқанына риза. Қазақтың қанына біткен қасиет-ай, десеңші!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу