Өлеңдер ✍️

  27.05.2021
  274


Автор: Қадыр Мырза Әли

Бәрі жедел

Бәрі жедел,
Бәрі жылдам,
Асығыс.
Сырқырайды шаруа толы басымыз.
Әлденеге асығады кәріңіз,
Әлденеге асығады жасыңыз.
Дәрігер дос,
Ұйқыңды бұз,
Көмек бер:
Меңдеп жатқан ауру жанды демеп көр.
Кеңсесіне асығады үлкендер,
Бақшасына асығады бөбектер.
Не болды өзі?
Алды ма уақыт басынып?!
Почтальон ұшты сумка асынып.
Беті-қолын шала жуып,
Ертемен
Тамағын да ішеді ұлым асығып.
Асығасың барамын деп алдымен,
Тоқта!
Тоқта!
Үйде ұмыт қалды нең?!
Асыққан бір автобусқа мінгіздім
Асығам деп жөтел қысқан шалды мен.
Жылдамдықты дәріптесең дәріпте,
Тез жазам деп қисық түсті әріп те.
Жай күндері асығамыз жұмысқа.
Жексенбіде асығамыз паркке.
Бір кездері жатушы еді басып қар,
Бой түзеген үй боп кетті лашықтар.
Ажырасуға асығады суыған,
Үйленуге асығады ғашықтар.
Қыз дегенде таусылған ғой шыдамы,
Бір топ жігіт такси жаққа шұбады.
Кейбіреудің асыққаны —
Амал не?!—
Ажалына асыққан боп шығады:
Қызыл жанды,
Өшті көздің жасылы.
Бір жансыз қол қалды рульде асылып.
Ұшып кеткен дөңгелегі «Волганың»
Әлдеқайда бара жатты асығып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу