Өлеңдер ✍️

  27.05.2021
  287


Автор: Қадыр Мырза Әли

Бар сияқты сары уайым, сартап қайғым

Бар сияқты сары уайым, сартап қайғым,
Жатып алып кей кезде нәр татпаймын.
Кез алдымда дүние дөңгеленіп,
Шыбын жанды қоярға жер таппаймын.
Толғанудың мендегі көп негізі.
Тереңдейді әжімнің беттегі ізі...
Тәулік бойы, ай бойы кей уақытта
Тулайды көп көңілдің көк теңізі.
Көк теңізім шынымен күшті ме әлі?!
Ішін тартып дауылым ышқынады.
Ой кемесін соғады тағат-тасқа,
Он бір балды сезімнің шквалы.
Жанартау мен жүректің от негізі.
Екеуіндей өмірдің көп пе егізі?!
Тоғандағы елі су сияқтанбай,
Тула! Тула, көңілдің көк теңізі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу