26.05.2021
  488


Автор: Гүлтас Құрманбай

Көршінің қызы

Жанерке Шахина
Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, 2-курс 



Күн көкжиектен асып көтеріліп бара жатты. Кішкетай Жания күндегідей көрші балалармен далада тығылыспақ ойнап жүрді.
– Ал, жарайды, алпысқа шейін санаймын, тығылып қалыңдар, – деп,
үйдің жарына басын бұрып, көзін екі алақанымен жұмып, «Бір, екі, үш...» деп санай бастайды. Балалар тез ауланың ішімен жүгіріп тығыла бастады. Жаниянын ең жақын құрбысы Алтынай үйдің жанындағы ағаштың артына беттеп бара жатып, «Тек қараушы болма» деп ескертіп қойды. Әрине, бала болғасын қызығушылығы ішінен күйдіріп бара жатқан Жания, білдіртпей басын сәл артқа бұрып, құрбысының үлкен ағаштың түбінде отырғанын байқап қойды.
– Елу сегіз, елу тоғыз, алпыс – деп, соңғы сөзіне қатты ырғақ беріп
айқайлап, достарын іздеуге кіріседі.
Ақырындап Алтынай отырған ағашқа жақындай бергенде, үйдің терезсінен анасы Сания: «Жәнөк, Атөкөн, кіріңдер ішке, ас дайын» деп қыздарды үйге шақырады. Ағашқа жетіп үлгермеген Жания «Алтынай, шық, сен ағаштың артындасың, мен сені мана байқап қойғанмын» деп, өзінің қулығына мәз болып, құрбысын шақырады. Алтынай өзінің бірінші табылғанына көңілі түсіп, ренжіп, бұртиып тығылып жатқан орнынан шығады. Сол уақытта «Әй, қыздар, тез кірсеңдерші, бәріміз сендерді күтіп отырамыз ба?!» деген шаңқылдаған дауыс естіледі. Екі қыз бұл айқайдан шошып, тез үйге қарай жүгіреді.

Үйге бара жатқанда, подъезден шығып келе жатқан көрші ағаны көріп, сәлемін беріп кідіріп қалады. Дүкенге асығып бара жатқан көрші:
– Тез үйге кірсеңдерші, мамаларың қоймастан сендерді асқа шақырып жатыр ғой.
– Түуф, енді төртінші қабатқа көтерілу керек. Жарайды, біз барайык, әйтпесе мама шақырып мазамызды алар, – деп, Жания құрбысымен жүгіруден шаршап ухлеп соңғы қабатқа көтеріледі.


***


Көрші аға, Алихан, балалар үйінде әлеуметтанушы болып қызмет ететін. Өзі балажан болғанымен, балалары жоқ-тұғын. Сондықтан болар, ауладағы бүкіл балалармен жақсы араласып, ойнап тұратын, бірақ Жанияға деген ықыласы ерекше болатын. Ол бүлдіршінді өз қызындай сүйіп, араларында бір байланыс барын сезінетін. Оның Зере деген жұбайы болатын. Алихан үйге кіріп, көтеріңкі көңілмен:
– Зере, мен келдім, – деп, ас үйде шаруасымен айналысып жатқан
жолдасына азық-түлікті ұсынып, «тағы да көршінің қызын кездестірдім. Әй, сол қызды-ай, кішкентай болып алып «мамам мазамды алады» деп қояды.
Жымия күлген Зере:
– Иә, менің де соны көргенде үнемі көңілім көтеріліп қалады.
Тілі бал
тіпті өзінің... Жарайды, түскі ас ішейік, сорпа әзірлеп қойдым.
Екеуі түскі асқа отырады.


***


Күн қызара ұясына батып, кеш келді. Зере шебер тігінші еді және көршілеріне іс тігуде көмегін аямайтын. Бұл жолы да,

Санияның сұрауы бойынша Жанияның бір көйлегін өзгертіп отырған. Алихан терезе алдында даладағы балалардың ойынын тамашалап отырды. Бір уақытта есікті біреу қақты.
– Алеке, есікті ашып жіберші, менің қолым бос емес. Сания шығар, кешке қарай соғып кетемін деп еді. Алихан асықпай есікке қарай барды. Ашса, есік алдында күлімсіреп Жания тұр екен.
– Тағы да сәлеметсіз бе, Алихан аға. Маған су бересіз бе? Қааатты шөлдеп қалдым. Үйге көтерілуге ерініп тұрмын.
– Кіре ғой, жаным. Жүр ас бөлмеге. Зере, бізге кім келгенін қара.
Зере көріп, күлімсіреп, Жаниямен амандасады. Балақай қол бұлғап, Алихан ағаның артынан ас бөлмеге ереді. Көрші аға су құйып беріп, Жанияның қолына кәмпит ұстатады. Жания:
– Екінші қабатта тұрған не деген керемет. Ойнап жүргенде шөлдесең, тез көтеріле саласың да, болды.
– Ал сен бізге қыз болсаңшы, сонда рақат болады. Жоғарыға көтеріліп шаршамайсың, әрі мен саған осылай үнемі кәмпит беріп тұрамын, –деп Әлихан қалжыңдады. Жания сылқ-сылқ күліп, суын ішіп, рақметін айтып, есікке қарай беттейді. Шығарда:
– Алихан аға, мен осылай су ішуге Сізге келіп тұрсам бола ма? – деп сұрады.
– Әрине, балапан, қалаған кезіңде келе бер, – деп маңдайынан сүйеді.


***


Кешкі ас кезі. Жания күні бойы үйге кірмей сыртта достарымен ойнап жүр.Сания дастарқан басын әзірлеп жүріп, бөлмесінде отырған үлкен қызы Шырынға: – Шырынжан, Жанокты шақырып жіберші, – деп сұрайды. Шырын терезеден Жанияны дауыстап шақырады. Әншейінде айғайлап жауап қататын қыз үндемейді. Шырын ішінен «Түуф, баяғы тығылыспағын ойнап, тығылып, үндемей тұрған шығар» деп ойлап, тағы шақырады. Жауап жоқ. Түсінбестен терезеден басын шығарып қарайды. Далада Жанияны көрмейді. Анасы уайымдамасын деп, бөлмесінде жұмыс жасап отырған әкесіне жүгіріп барып, кіші қыздың, далада жоқтығын айтады. Әкесі:
«Қалай жоқ? Ай, Алтынайдың үйінде ойнап жатқан шығар. Жарайды, өзім барып іздеп келейін,» – деп, тұрып шығып кетеді. Амантай үшінші қабатта тұратын Алтынайдың үйіне барса, әкесі Қаныштан басқа ешкім жоқ екен. Ол да Жанияны көрмепті.
«Ақаң осы балаларды қарап отырғанды жақсы көретін еді ғой, мүмкін сол көрген шығар» деп ойлап, төмен түсіп есігін қағады. Үйдің ішінен сыңғырлап күлген дауыстар шығады. Есікті Зере ашып, «Аа, Әбес, сенбісің? Қош келдің! Төрлет, шайға отыр», – деп ішке шақырады. «Жо-жоқ, рахмет. Мен Жанияны іздеп жүрмін. Қызымды көрмедіңдер ме?» Сол уақытта ас бөлмеден Жания жүгіріп шығып, «Папаа, кеттік, шай ішейік. Алихан аға тәтті кәмпиттерін шығарып қойды» деп қолынан ұстап ас бөлмеге сүйрейді. «Жанок, мамаң тамақ әзірлеп қойды ғой, жүр, үйге барайық». «Мен тойып тұрмын, осында тамақ ішіп алдым»,
– дейді Жания жымиып.


***


Арада біраз апта өтті. Жанияның достары ауылдағы ата- әжелеріне қыдыруға кетті. Қыздың іші пысып, күні бойы үйде отырды. Әпкелері үлкен болғандықтан Жанияның ойындарын ойнамайды. Ата-анасы да өз жұмыстарын істеумен әлек. Ойын баласына назар аударар бір жан жоқ. Ойнайтын адам таппағандықтан, Жания өздігінен сурет сала бастады. Сәулесін шашқан күнді, ақша бұлттарды, көкте шарықтап ұшқан құстарды, шалқар көл мен жасыл жайлауды салды. Өз туындысына таң-тамаша болған балақай суретті әке-шешесіне асыға көрсетті. Қолы тимеген ата-анасы «Жарайсың, қызым» деп аса назар аудармай жұмыстарын жалғастыра берді. Бала жүрегі сезімтал болады ғой. Көңілі түсіп кеткен Жания, басы салбырап үйден шығып кетті. Баспалдақ санап, екінші қабатқа түсіп, сүйікті көрші ағасының есігін қақты. Алихан ағасы есікті ашқан кезде, мән-жайды түсіндірместен, көздері мөлдіреп «Мен сендердің қыздарың болайыншы» – деді...
Жалғасы бар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу