Өлеңдер ✍️

  26.05.2021
  138


Автор: Қадыр Мырза Әли

Бізді неге бұрынғыдай жаз айы

Бізді неге бұрынғыдай жаз айы
Бейішімен қуантпайды ғажайып?!
Ертеңіңнің мүмкіндігі көбейіп,
Ертегілер кеткен жоқ па азайып?!
Неге төмен қарияның ақ басы?!
Неге жабық ақ ниеттің қақпасы?
Жақсы-жақсы қасиетін
Жігіттер
Жоғалтуға жақын жүрген жоқ па осы?!
Келген кезде біреу саған еңіреп,
Көңіл неге бола алмайды кеңірек?!
Ел тұрғанда,
Жер тұрғанда
Ойлайсың
Қара бастың қамын неге көбірек?!
Оңбағанда кеткенменен бір кегі,
Ойлы жандар сөзін неге іркеді?
Бізді көрсе,
Орман неге шуылдап,
Бізді көрсе,
Аңдар неге үркеді?!
Бола алмаймыз бұдан неге жақсырақ?!
Жақсылыққа қарамашы жатсырап.
Неге жалғыз сен дұрыс та,
Жұрт бұрыс?!
Неге? Неге?
Неге? Неге?..—
Көп сұрақ.
Кейбіреудің неге суық жүрегі?—
Қойнымызға жылан болып кіреді.
Жауын-шашын алдындағы құстардай
Неге менің мазам кетіп жүреді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу