Өлеңдер ✍️

  26.05.2021
  154


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жаман емес былтырдан биыл күтім

Жаман емес былтырдан биыл күтім,
Жұлдыз-қыз боп жігітке қиылды түн
Ренжитін түк те жоқ, бір қарасаң,
Ішіп-жейтін тамақ көп,
Киім бүтін.
Сәбилердей тіл бітіп тасқа нағыз,
Сырласады аспанмен астанамыз.
Құлагерден жүйріктеу «Жигулиің»,
Хан сарайға бергісіз баспанаңыз.
Жайқалады тоғайдың жас терегі,
Жас жігітті ауылда бас көреді.
Ат шаптырып,
Бәйгеге түйе тігіп,
Әкесіне біреулер ас береді.
Қалың елге,
Қазаққа қырық баулы
Үйрет, тірлік, байлыққа құнықпауды.
Запырандай сары алтын сырғаменен
Құлақтары қыздардың құлыптаулы.
Жақсылықты тербетсе қырық бесік,
Жамандық та жарыса жүріпті өсіп...
Кірпіш үйі тұрмыстың сыңғырлап тұр,
Киіз үйі көңілдің шұрық тесік...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу