Өлеңдер ✍️

  26.05.2021
  146


Автор: Қадыр Мырза Әли

Оятып ертеменен шымшық әні

Оятып ертеменен шымшық әні,
Ой-арман келешекке құлшынады.
Сен іске кіріскенше — ымырт түсіп,
Бір мызғып оянғанша — күн шығады.
Жоғалса жастығыңның ақ алмасы,
Белгілі ешкім іздеп таба алмасы.
Оқуды бітіргенше мұрт та шығып,
Кетеді иегіңді сақал басып.
Жүргенде әзілдесіп,
Қалжыңдасып,
Бір күні келер қысың,
Жазың қашып.
Жетерсің мақсатқа да
Көктемдегі
Атыздай ажарыңды әжім басып.
Өрілген қызыл гүлдей сезім-қамыт,
Ойларды сезім жайлы өзің дамыт.
Сен күтіп жүргеніңде даңқ тәжін,
Тұрады сені күтіп... қызыл табыт.
Біреулер керіп қойып қасын әсем,
Өтірік айтады деп жасыма сен...
Жақсыны қимайды ел —
Қабіріңнің
Басында тамған көздің жасына сен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу