Өлеңдер ✍️

  25.05.2021
  248


Автор: Қадыр Мырза Әли

Бейбіт күн бейнесі

Жылдағыдан жер биыл ерте көктеп,
Жасыл бақты жасыл жел еркелетпек.
Көк инесін көк жіппен сабақтайды
Көлеңкеде кәрі ана көрпе көктеп.
Төсегінде жатқандай арман өсіп,
Тербетеді сәбиді арба-бесік.
Көк аспанға қарайды көп балапан
Көктен келер бір пәле бар ма десіп.
Бала мысық —
Алдайсың оны немен?
Ойнайды ол да бөбектің добыменен..
Тауықтарға шашылған жем үстіне
Торғайлар кеп қонады тобыменен.
Айтам деген аузынан сөзі қашып,
Бозбала тұр өзі аңқау, өзі ғашық,
Қақпа алдында
Қонаққа еті үйренген
Қара төбет қарайды көзін ашып.
Бейбіт күннің бұл да бір жыры ма еді,
Борықтай ақ бойжеткен кір іледі.
Ілген сайын
Ойнаған қума желмен
Жібек көйлек ақырын түріледі.
Желмен ұйтқып сол қыздың сәнді етегі..
Бозбаланың қиялын дәмді етеді.
Аз қалдым деп қайнауға,
Алау жұтып,
Ақ самаурын аулада әндетеді.
Сырығындай желкеннің кемедегі
Сыр аулайды антенна төбедегі.
Селк етеді диктордың дауысынан
Ұлы Отан Соғысының мүгедегі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу