Өлеңдер ✍️

  25.05.2021
  136


Автор: Қадыр Мырза Әли

Сәуір

Жоқ қой бізде махаббаттан басқа уайым.
Жыр-көңілмен қалай ғана таспайын!
Жасыл фонтан болып көкке атылды
Жапырағын бұрқыратып жас қайың.
Найзағайдың қаһарына тап болып,
Күрсінді аспан көкірегін қақ бөліп.
Жердегі гүл ұшты көкке жұпар боп,
Көктегі бұлт қонды жерге қақ болып.
Көзіңді арбап,
Сезімді арбап
Таныс бақ
Қол бұлғайды ару болып табыспақ.
Қалғандай тау бұрынғыдан жақындап,
Кеткендей көк одан әрі алыстап.
Жаңбырдан соң бұлт пұшпағын нұр шалар,
Жанар толы әсер қанша жыршы алар.
Шымшықтардың жәудіреген көзіндей
Шық-тамшыдан моншақ тізді шаршалар.
Жыңғыл түгіл,
Тамыр тартып тасың да,
Жүзіп жүрді бүкіл әлем жасылда.
Шөпілдеді көктем толы көкжиек
Кемпірқосақ — иінағаштың басында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу