Өлеңдер ✍️

  25.05.2021
  202


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жарық

Қадіріңді білмейді екем, нұрлы күн,
Қараң қалып мұхиттарым,
Құрлығым,
Жатып едім бір күн көзім ауырып,
Түнек болып шыға келді тірлігім.
О, табиғат!
Кім бұлай деп ойлаған?!
Жан болдым мен көзім күнге тоймаған.
Бақыт деген
Біз сияқты адамға
Сәуле екен ғой қабырғада ойнаған!
Қараңғылық деген, міне, осы енді,
Көре алмайсың қолыңдағы кесеңді.
Нұрмен бірге ғайып болды дүние,
Нұрмен бірге шәһит болды әсемдік.
Ақ сәулесіз алау гүлдер өсер ме?!
Неге керек сәулесі жоқ бас ерге?!
Нұрмен бірге ғайып болды бояулар,
Нұрмен бірге шәһит болды әсер де!
Тірлік көзі сәуле-нұрға тойып па!
О, тағдырым,
Күнсіз мені мойытпа!
Құлқын емес —
Жарық үшін
Балық та
Үйірімен үймелейді ойыққа




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу