25.05.2021
  208


Автор: Гүлтас Құрманбай

ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ ІЗЕТ

Достым, бұл сабақта өзімшілдік жаман қасиет екенін әңгіме етсек ... Қарсы емессің бе? Мен көп балалармен әңгімелестім. Сондағы бір ұққаным. Балалар сенімен жасты, сенен үлкендері де: «Біз әлі баламыз ғой, үлкендер бізге қамқорлық жасау керек. Біз өзіміз кішкентаймыз ғой, сондықтан кішкентайларға қандай ізет көрсетеміз?» деп айтады. Байқайсың ба, осындай балалар өскенде өзімшіл, тек маған жақсылық жасау керек деп санайтын


болады.


 


Жоқ, достым, ол дұрыс емес. Саған жақсылық жасағандарға сен онан да көп жақсылық жасап үйрен. Ауырмайтын адам болмайды. Кейде ата-аналарың да ауырып қалады, сонда аналарыңның не әкелеріңнің жағдайын сұрап, көмектесіп, дәрісін, сұраған затын алып беріп, көрпесін қымтап жауып, қасында отырып, көңілдеріңді білдірсеңдер, ол кісілер қандай қуанар еді. Кішкентайларға да көмектесіп, жыласа жұбатып, құласа көтеріп, киімін кигізіп жіберсеңдер, сендер үшін қиын жұмыс емес қой. Досым, өзіңді ғана ойлама, өзгелерге де жақсы болсын деп ойла, біреулердің жеңісіне, жақсылығына іштарлық жасама. Ондай жаман қасиеті бар жолдастарың болса, айтып түсіндір, өзіңнің жақсы мінезің арқылы қасыңдағыларды да тәрбиелеуге болады. Соны естен шығарма.


 


Қосымша оқу үшін


  


Бата алған Әміржан


Аулада екі бала доп ойнап жүр. Күннің ыстығына да қарайтын емес, кезектесіп қақпаға тұрады. Екеуі: «Шіркін-ай, балалар көп болып, нағыз футбол ойнасақ қой» деп, армандап қояды. Бір кезде қақпада тұрған Әміржан жүгіре жөнелді. Айдар болса, аң-таң.



  • Әміржан, сен қайда кеттің?

  • Қазір,-деді Әміржан.


Әміржан жүгірген бойы барып, бір апаның қолынан ауыр сөмкесін алды. Екеуі бірдеңе деп сөйлесіп барады.


Айдар: «Ауылдан келген туыс апасы шығар, себебі Әміржанның өз әжесі үйінде ғой» деп ойлады. Бір кезде Әміржан жүгіріп келді де, қақпаға тұра қалды.



  • Әміржан, үлкен әже сендердің үйге келді ме?

  • Кім?

  • Жаңағы сен сөмкесін көтерген әжені айтамын.

  • Жоқ.

  • Онда сен неге жүгіріп бардың?

  • Көріп қалдым.

  • Көріп қалсаң, жүгіре бересің бе? Мен сені таниды екен десем.

  • Айдар, ол үлкен апа ғой, сөмкесі ауыр екен, көмектестім, одан менің ештеңем де кеткен жоқ, керісінше, ол кісі маған «өркенің өссін, үлкен азамат бол» деп, батасын берді.

  • Қойшы, танымайтын апаға көмектесудің керегі жоқ, өзінің баласы, немересі неге көмектеспейді?

  • Ол апаның баласы да, немересі де жоқ екен.


Айдар үндемей қалды. Добын қолына алып, өз үйіне қарай бұрылды.



  • Айдар, ойнамаймыз ба?


Айдар үнсіз басын шайқады. Әміржан досына неге жақпай қалғанын түсінбей тұрып қалды.


 


Қамшы сөздер:



  • Асығып бара жатсаң да, үлкеннің алдын кеспе.

  • Ашуың тасыса да, жаман сөз айтпа.

  • Мейірімді болсаң, кішірейіп қалмайсың.

  • Өз басыма ғана жақсылық болсын деме, жұртты да ойла.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу