25.05.2021
  177


Автор: Гүлтас Құрманбай

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ КЕЛДІ!

Достым, Наурыз мерекесіне қатты қуанасыңдар емес пе? Себебі адамдардың бәрі қуанады, сонан соң наурыз мерекесі оқушыларға көктемгі демалысты да ілестіре келеді.


Наурызды Шығыс халықтары жылдың басы, күн мен түннің теңелген күні қасиетті күн деп санайды. Қыстан қысылып шыққан тіршілік иелеріне жан кіріп, қар кетіп, жер жібіп, мал төлдеп, құстар келіп, құрт-құмырсқалар тіріліп, жаңа өмірдің тіршілігі басталады. Біздің ата-бабаларымыз   да Наурыз тойы қарсаңында «Бұлақ көрсең көзін аш» деп, көзі бітелген бұлақтарды ашып, су жүретін арықтарды тазалайтын. Сонан соң «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп, тал егіп, бауларды қоқыстардан тазартып, жеміс ағаштарының түбін қопсытады. Сөйтіп Табиғат анаға ризашылықпен тағзым жасайды. Ежелгі заманнан-ақ Наурыз тойы тойланған. Ол күні ешкім жұмыс жасамаған, бір үй бір үйге барып, наурыз көже ішіп, амандық-саулықтарын сұрасып, үлкен қария кісілер жастарға, балаларға жаңа жыл батасын беретін болған. Қазір де біздің елімізде Наурыз мерекесі 3 күн бойы тойланады. Оған мемлекетіміз үлкен мән беріп, жалпы халықтық мереке болып атап өтіледі.


Досым, сен де Наурыз мерекесін көріп жүрсің ғой. Ендігі жерде сен де өзіңнің ата-бабаларың жасаған өнегелі істерді жасауға тырыс. Бұлақ көрсең көзін аш, ағаш отырғыз, табиғатты аяла, аулаңды, көшені тазартып, үлкендерге қайырымды көмегіңді көрсет. Достарыңмен бірлесе отырып, жоспарлы түрде жақсылық шараларын жүзеге асырыңдар.


Ал, мерекеде міндетті түрде өнеріңді көрсет. Себебі енді сен сахнаға шыққаннан қорықпайсың емес пе!


 


Наурыз мерекесінің сценарийі


(Бір бала сахнаға жүгіріп шығады)


 



  • Алақай, алақай Наурыз келді!

  • Тоқта, сен оны қайдан көрдің?

  • Талдан көрдім.

  • Талда неғып тұр екен?

  • Ән салып тұр екен?

  • Кім ән салып тұр екен?

  • Нәуірзек құс.

  • Е, солай десеші. Мен ойладым Наурыз айы қалай ән салады деп?

  • Салады. Дүниенің бәрі ән салып тұр, тау да, тас та, су да. Сенбесең жүр менің атама (әжеме) барайық.


-Жүр барсақ барайық (екі бала атаға ( не әжеге) келеді). (Әже рөлінде тәрбиеші немесе жасы үлкен  адам ойнауына болады).



  • Ата, ассалаумағалейкум. (Сәлеметсіз бе, әже?) (Екі бала атаға қол беріп амандасады)

  • О, бәрекелді, өркендерің өссін. Жігіт болды деген осы, аталарыңа (әжелеріңе) келіп сәлем беріп жатырсыңдар. Ал құлындарым, наурыз құтты болсын!

  • Рақмет, ата. Сіз бізге наурыз жайында айтып беріңізші. Сіздің немереңіз маған наурызда бар табиғат ән салады дейді. Сол рас па?

  • Рас, балам. Жер ана қыс бойы қалың ұйқыға кетеді. Жермен бірге құрт- құмырсқа, бақа-шаяндар, тіпті дәу аюдың өзі ұйқыға кетеді. Құстар жылы жаққа ұшып кетеді. Көктем шығып, наурыз айы келгенде, жер ана қар көрпесін теуіп ашып, ұйқысынан оянады. Жер анамен бірге ұйқыға кеткен аңдар, жәндіктер де оянып, бір-бірімен қауқылдасып амандасып, қуаныштарын бөліседі. Ата жұрттарына алыстан сағынып келген құстар өздерінің туған жерлері туралы әндерін орындайды. Олардың әндерін бар табиғат ұйып тыңдайды. Дүниенің бәрі ән салып тұр деген осы. Ол табиғаттың әніне біздер де қосыламыз. «Қош келдің, әз Наурыз, елімізге ырыс, Жерімізге құт алып кел» деп тілек тілейміз. Тіпті өздеріңдей балалар шаттанып, Наурызға арналған өлең-тақпақтарды, ән, билерін көрсетеді.


 


Жүріңдер   сендердің   бақшаларыңа   (метептеріңе)    барайық,   балалардың тамашасын көрейік. (концерттік нөмірлер)


Концерттік номерлер:


 


 



  • бала:


Наурыз келді елге,


Наурыз келді жерге.


Қуанды бүкіл тіршілік


Қуана бер сен де.


***



  • бала:


Күн жылынды, балалар,


Ойнап асыр салайық.


Анамыздың ақылын


Еркелемей алайық.


 



  • бала:


Бақшаға да барайық,


Жыламайық, қалайық.


Ән сап, билеп ортада


Наурыз тойын тойлайық.


 



  • бала:


Наурыз, наурыз келе ғой,


Елге сәлем бере ғой.


Қыдыр ата келіп тұр,


Бақыт елге қонып тұр.


 



  • бала:


Наурызымыз – жыл басы,


 


Күн менен түн теңескен.


Нұр жауады аспаннан


Кең далама шөп өскен.


 


Әр бала бір жолдан оқиды:



  • Құтты болсын жаңа күн!

  • Құтты болсын жаңа жыл!

  • Бақыт келсін әр жанға!

  • Бақыт келсін әр маңға!

  • Оянайық әрқашан

  • Бақытты боп әр таңда!


Тамшы сөздер:



  • Жылды қуанышпен қарсы алғанға, жыл бойы қуаныш болады.

  • Наурыз – күн мен түннің теңесетін күні, үлкен мен кішінің кеңесетін күні.

  • Наурыз – тіршілік гармониясы.

  • Наурыз күні тілеген тілек қабыл болады..


Наурызда: «Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын, малға мал, жанға жан қосылсын» деп тілек тілеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу