25.05.2021
  240


Автор: Гүлтас Құрманбай

ГҮЛДІ ДЕ ДҰРЫС СЫЙЛАЙ БІЛУ КЕРЕК

Достым, гүл сыйлау деген жақсы құрмет екеніне таласпайтын шығарсың? Гүл табиғаттың бір көркем жаратылысы емес пе?! Кішкентай сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін гүлді жақсы көреді. Біздің халқымыз: «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» деп тегін айтпаса керек. Ертеректе ата-бабаларымыз гүлді базардан, дүкендерден сатып алмаған, даланың гүлін тарту еткен. Ал қазіргі кезде дәстүрге айналды. Көбінде қалалық жерлерде гүлді арнайы гүл базарларынан, дүкендерінен сатып алады. Ал ауылдық жерлерде гүлдің орнына басқа да сыйлықтар жасайды. Гүл арқылы адамдар бір бірлеріне қуаныш сыйлайды, қуанта біледі. Гүлді ұсынғанда сенің жүзіңде қуаныш тұрсын. «Мерекеңізбен», «Туған күніңмен», «мерей тойыңыз құтты болсын!» т.с.с. сөздерді айтып, гүлді ұсынғаның дұрыс. Гүл сыйлаудың да өзіндік ерекшеліктері бар.



  • Егер достарыңа (егер ол қыз бала болса) ашық та, нәзік гүл сыйлауға болады.

  • Өзің жақсы білетін туысың болса, ол қандай гүлді жақсы көрсе, ойланбай-ақ сондай гүлді сыйла.

  • Анаңа раушан, не болмаса анаңның өзі ұнататын гүлді сыйлағаның абзал.

  • Апайыңа қызыл немесе қызыл сары ашылмаған раушан гүлін сыйлаған дұрыс.

  • Ер адамдарға қоюлау түсті раушан гүлін сыйлау керек.

  • Дәстүр бойынша сыйлайтын гүлдестеде гүлдер саны үш, бес, жеті немесе тоғыз болуы керек. Егер бір ғана гүл болса, ол ерекше жақсы, үлкен болуы керек.

  • Гүл сыйлаған кезде сыртқы қағазынан алып ұсыну керек, егер гүл арнайы безендірілген болса, онда солай сыйлай береді.

  • Гүлдестені көшемен гүлін жоғары қаратып алып жүреді және жоғары қаратқан күйі сыйлайды.

  • Бөлмеде өсетін қыш ыдыстағы гүл жақсы таңдау болып табылады, бірақ сыйлайтын адам ұнататынын алдын ала білген дұрыс.

  • Сыйлаған гүлдерді қонақ күтетін бөлмеге суға салып қою керек.

  • Егер өзіңе гүл сыйласа, қуанып қабылда. Қуанғаныңды білдіріп, рақмет айтуды ұмытпа.

  • Гүл таңдағанда сенің талғамың, гүлді сыйлайтын адамға құрметің байқалады. Сол үшін жақсы гүлді таңдау керек.

  • Гүл алғанда таңдамай, «ей жарайды» деп алмау керек. Одан гүл сыйламағанның өзі жақсы.


Тамшы сөздер:



  • Адамның мейіріміне адам ғана емес, табиғат та, гүлдер де зәру. Сол себепті мейірімді бол.

  • Гүл өсірсең – гүлге қара қыз өсірсең – қызға қара, ұл өсірсең – ұлға қара, Қарамасаң бәрі бекер.

  • Гүлдің түрі, түсі, әдемілігінен оны таңдаған адамның ниеті көрінеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу