25.05.2021
  456


Автор: Гүлтас Құрманбай

АВТОБУСТА, ТРОЛЛЕЙБУСТА, ТРАМВАЙДА ... - Жақсы мінез сабақтары

Сәлеметсің бе, достым! Бүгін біз сабағымызда автобуста, троллейбуста және трамвайда өзін өзі қалай ұстау керек екендігін әңгіме етеміз. Сонымен... Қоғамдық көліктерде кімдер жүреді?   Иә,   қарт   адамдар,   жұмысқа асығып бара жатқан үлкен адамдар, бала-бақшаға балаларын тасып жүрген, әрі жұмысына кешікпеуді ойлап бара жатқан ата-аналар, т.б. Бейнелеп айтсақ:                 «Тіршілік деген әлемнің кейіпкерлері»... Қымбатты досым, сен әлі кішкентайсың, бірақ білуге тиісті бір нәрсе бар. Ол – өмір, өмірді сүру. Жақсы              өмір   көп   еңбек   етуді,   тер   төгуді   талап   етеді.   Сондықтан   да адамдардың өмірін жеңілдету үшін әр адам тәртіпті, мәдениетті, ақылды болу


керек. Соның бір жолы – қоғамдық көліктердегі адамдар мәдениеті.


 


Қоғамдық көлікте өзін өзі ұстау ережесі



  • Қоғамдық көлікке кіріп бара жатқанда адамдарды шынтағыңмен итермей, ең алдымен қарт кісілерді, қыздарды (егер сен ұл болсаң) жіберіп, оларға көлікке кіруге көмектесу керек.

  • Кірген жерде тұрып қалма, егер келесі аялдамада түспесең, ортаға қарай өтіп кет.

  • Мәдениетті адам үлкендерге, кішкентай балаларға, әйел адамдарға орын береді.

  • Қоғамдық көлікте киімдегі қарды қақпау керек, тамақ не болмаса балмұздақ жеуге болмайды, үлкендерге темекі шегуге де болмайды.

  • Қоғамдық көлікте шашты тарауға, тырнақты тазалауға, мұрынды, тісті, құлақты тазалауға болмайды.

  • Газетті ашып оқымайды, не болмаса көршінің газетіне, кітабына қарамаған дұрыс, жалпы көзге зиян болмас үшін қоғамдық көлікте оқымаған дұрыс.



  • Көліктегі адамдарға тесіліп қарамау керек, салмағыңмен біреуге қисаймай, итермей тұруға тырыс.

  • Көлікке кірген кезде арқаңдағы сумканы, рюкзакты шешіп, қолға алу керек, өйткені адамдарға кедергі жасауың, кей кезде киімдерін былғап қоюың мүмкін.

  • Көлікте келе жатып қолыңда гүл не болмаса торт болса, түрегеп тұрсаң, отырған адамға «ұстай отырыңызшы»,– деп сұрауыңа болады.

  • Көлікте қатты әңгімелесіп, күліп өз мәселелеріңді айтып достарыңмен сөз жарыстыруға болмайды. Біреулер ескерту жасаса, оларға қарсы ашуланып сөз қатпа.

  • Ата-аналар кішкентай балаларының аяқтарымен киімдерді, орындықтарды былғауға болмайды.

  • Көлікке үлкен заттарды, пакеттерді алып кірмеуге тырыс. Егер алып жүретін болсаң, автобустар бостау жүретін кезде алып жүр. Ал ұзын үшкір (мысалы шаңғы) заттарды қорабына салып алып жүру керек.

  • Мысық, құстарды көлік ішінде қорапқа салып алып жүру керек. Иттерді тұмсықжапқышпен алып жүру керек.

  • Көліктен шығуға алдын ала дайындал. Алдағы тұрған адамнан: «келесі аялдамадан түсесіз бе?» – деп сұрап, адамдардың арасынан ақырын жол тауып, кешірім сұрап шыққан дұрыс.

  • Көліктің ішінде, көпшіліктің көзінше телефонмен қатты сөйлесуге болмайды.

  • Құлақтығынымен музыка тыңдап тұрсаң да, даусын бәсеңдетіп қой, себебі ол басқа адамдарға есітіліп, жағымсыз әсер тудырады.

  • Егер ер адам мен әйел адам көліктен шығатын болса, бірінші көліктен ер адам шығып, содан соң әйелге шығуға көмектеседі.

  • Барлық көлікте сабырлы болып: «Рақмет, жақсы» деген сөздерді айтқан адамдар мәдениетті, мейірімді адам екен деген ризашылыққа ие болады.


Тамшы сөздер:



  • Ақылдылықтың белгісі – үлкенге құрмет көрсету.

  • Даналықтың белгісі – кішіге жол көрсету.

  • Мейірімділіктің белгісі – ұлтыңды ұлықтап, халқыңды сүю.

  • Мінездің көркемдігі– барлық жерде өзіңді мәдениетті ұстау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу