25.05.2021
  145


Автор: Гүлтас Құрманбай

ДҰРЫС СӨЙЛЕСЕ АЛУ

Сәлем, менің ақылды достым! Мәдениетті сөйлесуді сен білесің ғой. Сонда да артық болмас, келесі сабағымызды дұрыс сөйлеу әдебіне арнасақ. Қалай қарайсың? Сонымен...


Менің ақылды досым, байқайсың ба, мына тіршіліктегі ең көп те, мәнді де әрекет – сөйлесу яғни диалог. Сен дүниеге келе салғанда, сен сөйлей алмайтын кезде де сенімен анаң, әкең, әжең, атаң, бәрі сөйлескен. Сен көзің бақырайып, түсінген кейіп білдірсең, үлкендер мәз болып қуанатын. Иә, үлкендер сенімен тынбай сөйлесіп жүріп, саған сөйлеуді қалай үйретіп алғандарын өздері де сезбей қалады. Содан бері сен сөйлеп келесің... Ендігі жерде қалай сөйлегенде сені мәдениетті, ақылды, дана бала дейді? Ол үшін осы сабақты дұрыс сөйлесе білуге арнаймыз.


 


Кішіпейілділік – мәдениеттіліктің әліппесі



  • Достым, әңгімелесе алу – өнер. Әңгіме айтқанда шындықпен сөйлеуге тырыс. Өзің жақсы білмейтін ақпараттарды сенімді түрде айтпа.

  • «Мен шын айтып тұрмын», немесе қатты эмоцияңды білдіріп, қызарақтап, дәлелдеп сөйлеме. Онда сені қызба адам деп ойлап қалады.

  • Тыңдап үйрен.

  • Егер саған қарап біреу сөз бастаса, сен қолың бос болмаса да, істеріңді жиыстырып, сөйлеген адамға қарап, әңгімеге дайын екеніңді сездіруің керек.

  • Әңгімені мұқият және соңына дейін тыңдау керек. Әңгімені бөлме, әңгіме арасына сөз қосып дұрыстама. Кей кезде, кейбір адамдарға әңгімесін айту керек екенін есте ұстаған жөн.

  • Бірнеше адам әңгімелесіп отырғанда, саған қарап айтылмаған сөзге араласпа, жауап қайтарма.

  • Сен  қатысып    отырған    әңгіме    арасында    саған    жақпайтын    және ашуландыратын сөздер айтылса, әңгімелесуді тез арада тоқтату керек. Бірақ ашуланбай доғарған жақсы.



  • Әңгімелесушілер күліп, мазақтап сөйлесіп жатса, әңгіменің бағытын басқа әңгімелерге бұру керек. Себебі ондай әңгіменің аяғы дау-жанжал болып кетуі мүмкін.

  • Сөйлесіп отырған адамның әңгімесін ынтамен тыңдап, бірге қатысып сөйлескен дұрыс, әңгіме айтып отырған адам сенің ынтамен тыңдап отырғаныңды біліп отыруы керек.

  • Егер бір жаққа кетуге асығып тұрсаң, жақсы мінезбен кешірім сұрап, әңгімені келесі жолы жалғастыратыныңды айтқаның дұрыс.

  • Егер әңгімелесуші адам құнды ақпараттарды айтса, сөз аяғында рақмет айтып, әңгіменің өзің үшін өте пайдалы болғанын жеткізгеннің айыбы жоқ.

  • Жеңіске жететін адам сабырлы болады. Сөйлесіп отырғанда қолыңды көп сермеп, түр-түсіңді көп өзгертпеуге тырыс.


 


Достым, саған бақыт әкелетін құпияны білгің келе ме? Онда тыңда:


Ол –  жақсы сөйлеу, сөйлесе алу. «Жақсы сөз – жарым ырыс»  деген даналық сөзді ұмытпа.


Бала кезден жақсы сөйлеуді үйренсең, есейгенде көп қиындық көрмейсің.


 


 


Тамшы сөздер:



  • Әлемде жаңалық тапқандардың,  өнер   адамдарының  және   жақсы сөйлеген шешендердің аты қалады.

  • Сөздің де салмағы бар. «Ауыр сөз», «жеңіл сөз» деген. Жақсы бала сөз мәнісін түсінеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу