25.05.2021
  227


Автор: Гүлтас Құрманбай

ТЕЛЕФОНМЕН СӨЙЛЕСУ - Жақсы мінез сабақтары

Достым, қал-жағдайыңды білейін деп едім? Қалайсың? Сұрайын дегенім мынау еді. Сен телефонмен хабарласып, жақсы сөйлесе аласың ба? Келесі сабағымызды телефонмен сөйлесу әдебіне берсек. Қалай қарайсың?


Ендеше сабағымыз телефонмен сөйлесу әдебіне арналады. Сонымен... Достым, қазіргі заманды телефонсыз елестету мүмкін емес. Тіптім ұялы телефон да әрбір адам да бар. Бұрынырақта телефон болмаған кезде, адамдар бір-бірлерімен барып-келу арқылы хабар алысқан. Бір адам көрші ауылға барса, ол кісіге сол ауылдағы басқа таныс емес кісілер де сәлем бере келіп, қонақтың аулындағы туыстарына сәлем айтып, сәлем-сауқыт беріп жіберетін болған.


Ал, қазір тіпті Жер деген планета кіп-кішкентай-ақ болып қалғандай. Себебі Жердің бір шетінен, мысалы Америкадан түр-түсіңді көріп отырып та сөйлесе бересің. Бұл бір жағынан өте жақсы. Екінші бір жағынан, адамдар жүзбе-жүз бірімен бірі көріспейді. Қарым-қатынас алыстап барады.


Ұялы телефонымен адамдар барлық жерде сөйлесе береді. Тіпті автобустарда шырылдаған телефон үні, айғайлап жұрттың көзінше жеке шаруаларын айтқан адамдардың сөздері жолаушылардың жүйкесін тоздырады. Ондай кезде: «Мен кейінірек хабарласамын» деп, не болмаса, түсіп қалып сөйлесу қажет. Төмендегі кеңестер артық болмас деп ойлаймын.



  • Ең алдымен телефонмен сөйлескенде кішіпейіл болып, барынша қысқаша сөйлес. Телефонмен қысқаша сөйлесіп, кездескен кезде әңгімелескен жөн.

  • Телефон қоңырауын естіп, алло деп айтып, сәлеміне жауап беру керек.

  • Қоңырау шалған адам телефонға біреуді шақыр десе, сенің – «бұл кім?», не болмаса – «саған ол неге керек?» деген сияқты сұрақтарың мәдениетке жатпайды. Қажет нәрсені қоңырау шалған адамның өзі айтады. Ал сұраған адам үйде болмаса: «ол кісіге не деп айтайын?» деген жауабың орынды болады.

  • Қоңырау шалған кезде бос болмай, сөйлесе алмайтын жағдай болса, онда «кешіріңіз, мен сізге кейін өзім хабарласамын» дегенің дұрыс. Бірақ кейін ұмытып кетпеуің керек.

  • Нөмірді дұрыс термей қателесіп телефон шалған адамға: «кешіріңіз қате тердіңіз» деп, ашуланбай жауап бер. Өйткені сенде де сондай жағдайлар болады ғой.

  • Телефон нөмерін есте сақтап қалмасаң, күмәнің болса, қоңырау шалма. Ал егер қате теріп қалып, жауап берген адамға: «бұл кімнің телефоны, қайда түстім?» деп сұрақ қоймау керек. «Кешіріңіз, мен қателесіппін» деп айту керек.

  • Қоңырау шалғанда бірінші сәлемдесіп, сонан кейін өзіңнің кім екеніңді айтқаның жөн болады.

  • Қоңырау шалғанда «уақытыңызды бөліп тұрған жоқпын ба, сөйлесе аласыз ба?» деп сұраған дұрыс.

  • Телефонмен сөйлесу біреудің шаруасынан бөлу, уақытын алу екенін есте сақтаған дұрыс. Сондықтан телефонмен сөйлесу тек қажет болғанда ғана қоңырау шалу керек.

  • Жасы кішілер үлкендерге телефон шалып, «сіздің жағдайыңызды, денсаулығыңызды білейін деп едім. Сізді (сіздерді) (әже, аталарға) қатты сағынып жүрмін. Алдағы демалыста барамыз» десеңдер, үлкен кісілер қуанып қалады. Қандай да болса, адамдарға қуаныш сыйлаған жақсы емес пе?


 


Қамшы сөздер:



  • Әдептің басы – дұрыс сөйлесе алу.

  • Телефонмен өте қажет кезде ғана сөйлесу қажет. Бос әңгіме айтып, басқалардың уақытын ұрлау – әдепсіздік.

  • Телефонның (әсіресе ұялы телефонның ) адам денсаулығына зияны ұшан- теңіз..

  • Өмір деген – уақыт. Уақытыңды телефонға байлап қойма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу