25.05.2021
  216


Автор: Гүлтас Құрманбай

Жақсы мінез сабақтары - ТАНЫСУ

Менің досым, сен танысу дегенді білесің. Мектепке барғанда, немесе


 


қыдырып басқа жерге, ауылға барғанда балалармен танысқан шығарсың? Сонда да болса танысу туралы екеуміз әңгіме құрайық. Егер сен тыңдасаң...


Танысу. Бір қызығы, адамдар бір-бірлерімен жақсы таныс болғанда ғана жақсы араласады. Солай емес пе? Біздің ата-бабаларымыз былай деген болатын: «Адам баласы – танысқанша, жылқы баласы – кісінескенше». Бұл сөздің мағынасы: адамдардың танысудан кейін бір-біріне жақын болатынын жылқымен салыстырып отыр. Бірін-бірі танымайтын жылқылар да алғаш кездескенде, кісінесіп алады. Содан кейін бірге жайылып жүре береді.


Біз бүгінгі сабағымызда өзімізді таныстыруды және басқаларды таныстыруды әңгіме етеміз. Сонымен...


Өзіңді және басқаларды қалай таныстыру керек? Өзіңді таныстыру негізі оңай шаруа емес. Бірақ таныспай араласып, сөйлесіп кету де мүмкін емес. Сондықтан танысу кезінде ұялмау керек. Ыңғайсыз жағдайға қалмас үшін мынаны білген жөн:



  • Кішілер үлкендермен бірінші болып танысады, ал әйел адамдар ер адамдарға бірінші болып таныспайды.

  • Өзіңді таныстырып тұрып танысушы адамның көзіне күлімдеп қарағаның жөн. «Сенің атың кім?» деген сұраққа, атыңды анық айтып, жауап берген дұрыс болады. Өзіңді таныстырғанда аты- жөніңді, кім екеніңді анық етіп айт. Егер сенің қасыңда сенің жолдасың не досың, т.б. болса, «менің қасымдағы – менің жолдасым. Аты – Данияр. Екеуміз бір сыныпта оқимыз» деп таныстырғаның дұрыс. (Бұл мысал үшін, сен әрине, өз досыңның аты-жөнін айтасың ғой).

  • Егер сен қонаққа танымайтын адамдардан кейін кешігіп келсең, үйдің иелеріне амандас. Үй иелері сені қонақтарға өздері таныстырады. Сонан соң көпшілікке жалпы «сәлеметсіздер ме» деп амандасуға болады.

    • Қонақтарды таныстырғанда, ең бірінші кішкентай балалардан бастап, содан кейін үлкендерді таныстыру қажет. Адамдардың аттарын анық айт. Әр адам өз атының дұрыс айтылғанын ұнатады. Егер атын немесе тегін дұрыс атамасаң, кешірім сұрағаның абзал.




Сонымен, біліп алайық



  • Қыздарды ер адамдар таныстырады, ер адам қызбен танысуға өзі ниет білдіріп, қолын созады.

  • Жасы үлкендер жасы кішілерді таныстырады.

  • Бастық адам өзінің қызметкерлерін таныстырады.

  • Қонақтағы адамдарды үйдің иесі таныстырады.


 


Ал, кейбір жағдайда әйел адамның лауазымы (қызметі) дәрігер, журналист, профессор, т.б. болса, өздерін еш қысылмай еркін таныстыра алады.


Таныстырғанда «танысқаныма қуаныштымын», «мен де», «өте жақсы» деп айту қажет. Егер ол адамды бұрын білсеңіз: «жақын танысқаныма қуаныштымын, сіз туралы көп естігенмін» деп, жылы жүзбен күлімсіреп, дауысты анық етіп шығару керек.


Қонақтан, немесе көп адамдармен танысқан жерден үйге келген соң, танысқан адамдардың аты-жөнін, кім екендігін, қашан, қай жерде танысқаныңды жазып қой. Ұмытып қалмас үшін көзің түскенде, оқып, есіңе түсіріп отыр. Кейін кездескенде, таныс адамды танымай қалсаң ұят болады.



  1. Адамдармен танысқанда шын пейіліңмен таныс, менсінбеушілік сияқты мінезді саналы, ақылды, мәдениетті адам көрсетпейді.

  2. Жаңа танысқан ортада өзіңді өте мәдениетті ұста. Артық әңгімеге араласпа, аз сөйлеп, көп тыңда. Әр жерде өз орныңды біл.

  3. Егер танысқан адамдардың ішінде әңгімесі жақсы, өнегелі адамды көрсең, «сізбен танысқаныма қуанып тұрмын, әңгімеңіз маған қатты ұнады» деп ризашылық білдірген дұрыс.


 


Анасы мен баласының диалогы


 


Баласы: – Ана, ата деген кім болады? Анасы: – Атаң сенің ардақты,


Әкесі ол әкеңнің. Айтар сөзі салмақты, Атасы ол ұлымның.


Баласы: – Ана, әже деген кім болады? Анасы: – Әжең – мейірім шуағы,


Төрімізде тұрағы. Анасы ол әкеңнің Бізбен бірге тұрады.


Баласы: – Ана, нағашы деп кімді айтады? Анасы: – Ақылыңнан айналдым,


Нағашың – алтын тірегің, Анаңның бауыр, туысы. Тілегін тілеп жиеннің, Тасыған әркез ырысы.


Баласы: – Ана, бауыр деген кім болады? Анасы: – Бауыр сенің – туғаның,


Арқа сүйер тірегің. Алда талай өмір бар, Бауыр болар қорғаның.


 


Қамшы сөздер:



  • Танысу, таныстыру – мәдениеттің әліппесі.

  • Танысқанда кеудеңді көтерме, қолыңның ұшын берме.

  • Танымайтын адамға сырыңды айтпа.

  • Ешқашан ешкім туралы ғайбат сөз айтпа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу