Өлеңдер ✍️

  25.05.2021
  231


Автор: Қадыр Мырза Әли

Құлжа

Тағдыр жазса —
Талайлардың олжасы.
Тайып кетсе,
Тасқа тамар мол жасы.
Төрт тұяғын түйме тасқа сыйғызып,
Тау басында тұр арқардың құлжасы.
Қой емес ол еті үйренген көгенге,
Жүрегі оның сыймайды бір тегенге.
Құз-қияда
Қарамайды жоғары,
Қарайды ол жоғарыдан төменге.
Екі қанат сияқты оған екі өкпе,
Желдің өзі жарамайды жетекке.
Қайта-қайта қарайды ол бірақ та
Бір ғажабы —
Биікке емес —
Етекке!
Қалқан қылып сақтық деген сауытты,
Қызығын ол тау басынан тауыпты.
Биік үшін жаратылған жануар,
Тек төменнен күтеді екен қауіпті!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу