Өлеңдер ✍️

  25.05.2021
  1133


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қызыл кітап

Қам көңілдің көк тұманы, тез айық!
Өмір үшін күреспеудің өзі айып.
Динозавр құрып кетсе бір кезде,
Енді, міне, қалды піл де азайып.
Ауру қазір табиғаттың бүйрегі.
Мықтыларың мықтылықтан күйреді
Жунглиде жүргізбейтін
Жау жүрек
Жолбарыстың өзі де әбден сиреді.
Қайран күндер!..
Көңілсіз көл қоғалы.
Қайда олардың киесі мен обалы?
Алыптардың алыбына жататын
Киттерің де барады тез жоғалып.
Сирей-сирей
Құстар менен балықтар,
Жер-анаға ұятты боп қалыпты ар...
Жолбарысты,
Пілді,
Китті ойласам,
Түседі еске опат болған мамонттар.
Табиғаттың бір перзенті,
Бір ұлы —
Мамонт қайтып келмейді енді тіріліп.
Дүниеге сыймайтын не жының бар.
Айналайын ірілік-ай,
Ірілік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Каусар
Каусар 18.11.2022 11:34
Өте керемет екен маған қатты ұнады ?

Пікір жазу