👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  25.05.2021
  90


Автор: Қадыр Мырза Әли

Мазақтамалар

Ерке
Сарнап тұрып ертесін,
Сұрайтын қант, бөлкесін
Сен бір жаман еркесің!
Әкеңнің де желкесін,
Көкеңнің де желкесін
Жауыр қылған еркесің!

Сотқар
Сотқар,сотқар, сотқарсың!
Кішілерге шоқпарсың,
Үлкендерге көкпарсың!
Сотқар болсаң, сотқар бол,
Бір таяқ жеп тоқтарсың!

Маубас
Маубас, маубас, маубассың!
Мүлгігеннен танбассың.
Қалғығанға қанбассың...
Өміріңді осылай
Ұйықтап өтсең оңбассың!

Жайбасар
Өй, жәйбасар, жәйбасар!
Жәйбасарды май басар.
Жеткенше үйге жәйбасар,
Жұрт орынға жайғасар.
Әй, жәйбасар, жәйбасар,
Жәйбасарды май басар!

Мақтаншақ
Әй, мақтаншақ, мақтаншақ!
Оянғаннан жатқанша,
Жатқаннан таң атқанша
Мақтанасың, мақтаншақ.
Қояр ма еді құлыптап,
Аузыңды бір жапқан шақ!

Жаңғалақ
Жаңғалақ па, жаңғалақ?
Жаңғалақ бір аңғал-ақ:
Оң аяқта — сол балақ,
Сол аяқта — оң балақ,
Теріс киіп шалбарын,
Өзі соған таң қалад!

Қомағай
Әй, қомағай, қомағай!
Екі ұртың тола май,
Екі уысың және май,
Соғып жатсың қарамай!
Мешкейліктен, қомағай,
Болмайсың ғой Толағай!

Күйгелек
Әй, күйгелек, күйгелек!
Халық тұрса үймелеп,
Кетесің сен кимелеп.
Жейдеңді де түймелеп
Жүре алмайсың, күйгелек,
Әй, күйгелек, күйгелек!

Салақ
Салақ, салақ, салақсың:
Өз үйіңе қонақсың;
Таза емессің, кір-кірсің;
Ақ емессің, жолақсың;
Кейде қара күйесің;
Кейде қызыл далапсың;
Әй, салақсың, салақсың!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы