24.05.2021
  1246


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Түлкі, қойшы, аю

Бір қойшы қой бағып жүрсе, бір түлкіні бір аю қуып келеді екен. Түлкі бір тамға келіп кіреді. Аю да тамға кіремін дегенде, тамның тар есігіне кеудесі сиып, бөксесі сыймай ілініп қалады. Түлкі тамның бір кішкентай тесігінен жылт етіп шығып, айналып есікке келіп, есіктен не әрі кетпей, не қайта шыға алмай ілініп жатқан аюдың артынан келіп, мазақтап, аюдың бөксесіне сарып кетеді. Оны қойшы көріп тұрады. Аю әрең деп қайта шығып, жан-жағына қаранып, қойшыға келеді.

– Е, сен не көрдің? – дейді.

Қойшы: «Мен не көрейін? Бір аюдың бөксесіне бір түлкі сарып кетті, соны ғана көрдім», – дейді.

Аю ашуланып: «Егер де осыны біреуге айтсаң, сені жеп қоямын!» – дейді.

Қойшы: «Ойбай, ендеше айтпаймын!» – дейді.

– Жарайды, айтсаң, өлесің! – деп, аю кетеді. Кешке ауылға келген соң, қойшы мұны ауылға айтады. Ауылдағы бала-шаға мұны өлең қылып айтып, шулап-ойнап жүреді. Мұны аю естіп, ыза болып, ертең қой жайып тұрған қойшыға келіп:

– Е, сен адамға айтпаймын дегенің кәні? Енді сені жеймін! – дейді. Қойшы жылап:

– Үш күнге мұрсат бер, үй ішіме, ағайын-туғаныма қоштасып келейін! – дейді. Аю:

– Жарайды, үш күнге мұрсат бердім, – деп кетеді.

Қойшы далада жылап отырса түлкі келеді:

– Е, қойшы, неге жылап отырсың? – деді.

Қойшы: «Ойбай, осылай да осылай, бәрі сенің кесірің. Енді өлетін болдым!» – дейді.

Түлкі: «Ойбай, үндеме, аюдан құтылатын амалын мен табайын, не бересің?» – дейді.

Қойшы қуанып: «Ойбай, не қаласаң, соныңды берейін!» – дейді.

Түлкі: «Маған бір бүйрегіңді бер!» – дейді.

Қойшы: «Жарайды», – деп екеуі келіседі, уәделеседі.

     Түлкі айтады: «Ауылыңнан бар да үлкен бір қап әкел. Аю келгенде, анау жерде шаңды бұрқылдатып мен жүрейін. Аю сұрар «анау не?» деп, сен айт: «Ол ханның баласы. Қатыны аюдың жүрегіне жерік болып, соны іздеп жүр» де, сонда сен әлгі үлкен қапқа тығыл деп, қапқа тығып, қаптың аузын мықтап буып, шоқпармен ұрып өлтір», – дейді. Екеуі уәделесіп, түлкі кетеді. Келем деген күні аю келеді. Қойшымен сөйлесіп, «енді жермін» деп тұрғанда, алыстан бұрқылдаған шаңды көреді. Қойшыдан: «Қойшым, анау не?» – деп сұрайды.

Қойшы: «Ол ханның баласы, қатыны аюдың жүрегіне жерік болып, соны іздеп жүр!» – дейді.

   Аю: «Ойбай, қойшым, мені жасыра көр! Қайда тығылам!» – деп сасады.

Қойшы: «Ендеше мында тығыла ғой!» – деп, аюды қапқа тығып, қаптың аузын шылбырмен мықтап буып, шоқпармен ұрып өлтіріп алады.

Енді түлкі келіп, күліп: «Е, енді бүйрегіңді бер!» – дейді. Қойшы қипақтап, жыламсырап белбеуін шешкенде қойшының іші шұрылдайды. Түлкі, құлағын тіге қалып: «Әне, о не қыңсылаған?» – дейді. Сол арада қойшы:

– Түнеу күні бір тазының күшігін жұтып едім, сол енді үлкен тазы болып, ішімнен шығайын деп қыңсылап жатыр, – дейді.

     Түлкі қорқып: «Ойбай, қойшым, енді дос болайық, құйрығыңды қыса тұр, мен қашайын», – деп жөнеліпті.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу