Өлеңдер ✍️

  23.05.2021
  248


Автор: Алдияр Бақытжан

Жалғыз

Жалғыз сәні сен едің санатымның.
Қапасында қалдым мен қара түннің.
О, мен қанша ұйқысыз таң атырдым,
Қайғыға ара тұрдым?!
Бірақ, бірақ, сөнгем жоқ, жалындадым,
Жанартау боп жарыққа тағы атылдым.

Алайда селт етпедің.
Әлде ол сенің құбылғыш кезің бе еді?!
Өзің өртеп, сөндірдің өзің мені.
Бәріне көне білген мендік сезім
Не деген төзімді еді.
Сарсаң еткен жауабы сұрақтардың
Бір тамшы жас екен ғой көзіңдегі.

Үнсіздеу кете бардым.
Жарып шығып жанымды жыр атты ағын,
Бір түзеді еңсесін құлап бағым.
Жанарымнан жас шықпай мен де ұлыдым,
Сен бірақ жұбатпадың.
Сезімдердің арасы мың шақырым,
Екеуміздің арамыз бір-ақ қадым.

Содан бері қанша өтті.
Жасын түсіп сынғандай шынар-бағым.
Сосын… саған ең соңғы жыр арнадым.
Бірақ, соның бәрі де алдамшы екен,
Сен едің шын арманым.
Өзге қызды өзіңдей құшып тұрып,
Сені естен шығармадым.

Сені естен шығармадым.
Алынбайтын қамалдай биік, берік,
Мұңды маған сен кеттің үйіп беріп.
Құтыла алмай жүрмін мен елесіңнен,
Кеудемді күйік керіп.
... Саған жазған өңдемей болмас енді,
Шашыраңқы жырымды жиып-теріп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу