Өлеңдер ✍️

  23.05.2021
  350


Автор: Алдияр Бақытжан

Қайран


Қайран да қайран, сері күндерім,
Қайрылмай ұшқан басымнан.
Сен едің ерке елігім менің,
Мен едім саған ғашық жан.

Сүйемін деуге батылым бармай,
Сүймеймін деп те айта алмай,
Жат болмай яки жақының болмай,
Үн-түнсіз жүрдім байқалмай.

Қайтарып өзім меселімді оймен,
Қаншама қайғы жастандым.
Шаттыққа шала мас едім ғой мен
Сырымды саған ашқан күн.

Көрген жан біздің ақ арманды аяп,
Қарайтын күдік көзімен.
Жанымыз бірге жаралғандай-ақ,
Мен сен ем, ал сен өзім ең.

Жанымның бітпес жарасын жалап,
Жүргенде қамап шер шемен,
Адуын жылдар арасында ап,
Адасып кеткем мен сенен.

Тыйдық та жанның алып-ұшқанын,
Ұйыққа бәрін батырдық.
Өзіңе деген сағыныштарым
Шығарған мені ақын ғып.

Көктен де сені іздедім, жаным,
Жерден де сені іздегем.
Жылдардың санап тізбегін қалың,
Үмітімді ешбір үзбегем.

Жүректі мынау жұбатпады ақ түн,
Жасай да алмай жаныма ем.
Жөніңді сұрап жылап бараттым,
Жолыққан жанның бәрінен.

Өрекпіп көңіл өртінен жырдың,
Қап-қара таңба қалды арда.
Есіміңді айтып тентіреп жүрдім
Кабактар менен барларда.

Етті де тағдыр боз басымды әлек,
Ой менен қырға қуды арман.
Жұттым ғой сенің көз жасың ба деп
Ап-ащы мөлдір улардан.

Жалғанға жетпей жасық үндерім,
Жамадым қайғы жаныма.
Жоғалтып алған асылым менің,
Жолықтың маған тағы да.

Жанымның жарық көгін мекендеп,
Жұлдыздай жанған бағым ең.
Түсім бе әлде өңім бе екен деп
Түсінбей жүрмін әлі мен.

Түбіне кейде шым батып кетем
Арылмай сол бір сыйқырдан.
... Мына бір түсім тым бақытты екен,
Оятшы, жаным, ұйқымнан...





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу