Өлеңдер ✍️

  20.05.2021
  281


Автор: Роза Сейілхан

Қайғы

Жаныңа қанша қайғы жамаса да,
Күлкі арсыз, ұйқы да арсыз, тамаша да.
Өмірдің заңы қатал, талғамайды ол,
Өзіңді қанша мықты санасаң да.
Төрінде жүрегімнің сезім барда,
Ойланып, мұңаймаған кезім бар ма.
Жанымның жыртығына жамау іздеп,
Қайраумен жүріп келем төзімді арға.
Есенмін, жынды емеспін, әккі мұңым,
Мінез бар, жоқ алайда жат қылығым.
Сүруді қояр ем-ау, мен де өмірді,
Егер де ол қояр болса тәттілігін.
Асқақтық мән бермейді аласаға,
Батылға әлсіз болу жараса ма?
Жаз өтіп, күз келсе екен, ал содан соң,
Қыс түсіп, қар жауса екен қарашада.
Қолымды сілтеп қарап барлығына,
Тірліктің барлығына, тарлығына.
Оралмас бір сапарға аттанар ем,
Тәңірдің құлақ түріп жарлығына.
Күн кешем несіне енді жалған күліп,
Ойымда ойран салды арман бүлік.
Жалған-ай, жақсылығың жайбасар-ау,
Әйтеуір бір келетін алдандырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу