Өлеңдер ✍️

  20.05.2021
  171


Автор: Роза Сейілхан

***

Алдандырып жүргендей үміт мені,
Бітпей қойды көңілдің күдіктері.
Мұз боп барам, жүрегім тасқа айналып,
Сабыр бер де, Тәңірім, жібіт мені.
Тас боп барам, өзі де тас қалада,
Тым ақылды жас қыз да, жас бала да.
«Өмір» – дейтін ортасы қан базардың,
Әлде осылай қаталдау бастала ма?
Қажет емес, жауабы білетінім,
Өлмейінше өмірді сүретінім,
Ішім жылап, ал сыртқа күлетінім,
Нәпақа іздеп әйтеуір жүретінім.
Аңғал арман, дерсің-ау «мұның қалай?»
Қателікке сен мендей ұрынбағай.
Өзім ғана кінәлі, сенбесең көр,
Мысқылдайды төбемнен жымыңдап Ай.
Сенімім де әп сәтте көзін ілді,
Қайрай-қайрай жалықтым төзімімді.
Жылауға да жасқанам, естуге де,
Іштен тынған өз даусым, өз үнімді.
Жалғыз соқпақ түскенім алды сағым,
Түсімде ылғи құс болып тауға ұшамын.
Өзектіге бір өлім өлеңіме,
Айырбастап алғанмын жар құшағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу