Өлеңдер ✍️

  20.05.2021
  206


Автор: Роза Сейілхан

ҚАРАҢҒЫДА МЕН ЖҮРМІН ӨЛЕҢ ІЗДЕП

Күңгірт бөлме, күңгірт ой, күңгірт бәрі,
Өлең іздеп ойымды үңгіп тағы.
Отырамын оңаша оқшауланып,
Жанарымнан мөлдірім сырғып, тамып.
Көлеңкелі көңілге күн түсіріп,
Ыстығымды тартады түнгі суық.
Алыстарға апарар армандардың,
Аңсаулардың алдында мың кішіріп.
Қою бұлттың ішінен көрінбеген,
Ай тәрізді тұманға көмілді өлең.
Саңылауынан сәулесін шашып қалып,
Жасып қалып жатады сезім деген.
Сұр тұманға селт етпей телміретін,
Төзімді рас, бұл мінез мендік етін.
Бақытымның бағытын бағамдайтын,
Жанарындай сұлудың мөлдіре, түн.
Түнек басқа, түн басқа мен білетін,
Сезім бөлек, сөз бөлек сендіретін.
Өмір деген ұғымның аясында,
Тылсым күш бар бәріне көндіретін.
Армандардың бәріне сенеміз деп,
Соғылады сеңдерге кемеміз көп.
Жарық күнді жатсынып, түнді күтіп,
Қараңғыда мен жүрмін өлең іздеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу