20.05.2021
  200


Автор: Қази Данабев

ТОЛЫБАЙДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Аурудан айықпастан бойым сергігенге, далаға шыққым келді. Оның екінші себебі бар. Мен жаныммен арпалысып жатқан күндері, көңілімді аулағысы келді ме екен, әлде "жалғыз ұлымыздың үстін бүтіндемейтіндей не күн туды?" деп ойлады ма, әке-шешем үстінде жолағы бар, су жаңа костюм-шалбар әкеліп көрсеткен. Соны тезірек иығыма іліп, ауыл маңындағы машина жолдың бойымен, одан әрі шеген құдыққа қарай жүгіргім келеді. "Әлі саған жүруге болмайды, әлсізсің" дегеніне қарамай қыңқылдағысын, шешем үстіме костюм-шалбарымды киіндіріп, есіктің алдына шықты. Жаңа киімнің буы ма, немесе шынымен сауығып кеттім бе, ұшатын құстай қомданып, әрлі-берлі көп жүрдім. Киімдерім құйып қойғандай екен, жеңіме балағыма қанша қарасам да көзім тоятын емес, осы қалпымда үйге кірмей жүре бергім келді. "Салқын тиеді" деген шешемнің сөзіне құлақ аспадым. Түнде жапалақтап қар жауды деген; дүние кіршіксіз таза, әрі жап-жарық екен, соны аман-есен көргеніме сүйінші сұрағандай шапқылап қораның сыртын бір айналсам деймін. Дегенмен, буын-буыным қалтырағасын, сәби көңілім өз-өзіне әлі де сенімсіз.


Қора жақтан "ырқайт, ырқайт" деп қой қайырған Толыбайдың даусы құлағыма келеді. Есік алдынан ұзап шығып, бойым тосырқаған тірлікке көз салып едім, сонадай жерде бір-бірімен иықтасып өріске қарай беттеген қой-ешкілер аққан судай толқындап барады. Менің назарыма отар ішінде дара жүретін "Еділбай қошқар" ілікті. Аяғын ырғаң-ырғаң басып, шабатын аттай кербезденіп, маңғаз жүріп барады. Қызығ-е-еп кеттім! Бір-екі аттап қуып жетіп, қыр арқасына секіріп мініп алсам, жаңа костюм-шалбарым жарқылдап, ауылдың ортасымен жорғадай тайпалтып тартып кететіндеймін. Қиялдап тұрып, өзімнің ай жарымдай сал болып жатқанымды, әлі де бойымды билеген әлсіздік барын, тіпті даусыма дейін қалтырап шығатынын ойдан шығардым. Бар күшімді жинап, таяқ тастам жердегі қошқарға ұрлана жақындадым да, "қолым жетеді-ау" деген шамада, көкшулан жүндеріне қос қолдай тап бердім. Қошқар менен мұндай әбжілдікті күтпеген екен, осқырына атылып қаша жөнелді. Табаным-табаныма тимей зырылдап, миым солқылдап, "Еділбай қошқарға" еріп қанша жүгіргенімді білмеймін. Әбден еліріп алған, мүйізі қарағайдай қызулы қошқар бет алды құла дүз шапқыламады, топырлаған қойдың ортасынан бұрылатындай қалтарыс тауып, жалт бұрылды. Жердің үстіне түнде түскен қар бар, бір отар қойдың тұяғымен езіліп, миы шыққан қойдың құмалағы бар, солардың үстімен аспан мен жерді қоса құшақтап әлдеқалай қарай домалап барамын, домалап барамын. Есеңгіреп қалыппын, қолымды жүрелей жерге тіреп түрегеліп бере киімдерім ойыма түсті. Жаңа ғана иненің көзінен өткендей су жаңа костюм-шалбарымның сау тамтығы қалмаған, өңірінен бастап, балағыма дейін сағал-сағал бет көргісіз. Ішім удай ашып кеткеннен бақырып жылап жібердім. Толыбай аттың үстіне қонып үлгерсе керек, қора жақтан дүрсілдетіп шауып келді де, малмандай болып аяқ баса алмай тұрған менің қасыма домаланып түсе қалды.


— Айналайын-ай, жылағаның Қартбайжанның даусынан айнымайды екен ғой... Өзегімді өртеп жібердің ғой... сол ма деп едім... — Толыбай еңкілдеп келіп, тонының өңірін айқара ашып, баурына басып алды. Үлкен кісінің жылағанын бірінші көруім бе, қорыққанымнан үнім шықпай қалды. Оның жүзін жуған жылы жас суымастан бұршақтап келіп бетіме тамады. Маңдайымнан, қолымнан, мұрнымнан сүйді.


Мен Толыбайдың құшағынан босаған соң, шешем бесік жасындағы баладай көтеріп үйге әкеле жатыр.


— Қарағым-ау, қарағым, саудырап қу сүйегің қалыпты ғой... Шықпа деп айтқаныңды неге тыңдамайсың?..


Мені мазалап келе жатқан ой мүлде басқа, оның сауалын апамнан іздеймін.


— Апа, Толыбай атам неге жылайды?


— Сен неге жыладың?


Көкірегімді әлі де өксік буып тұр. Көзімнің алдында сап-сары ала болып есіліп қалған костюм-шалбарымды саусағыммен шұқып көрсетемін.


— ...Мынаған...


Шешем мені сол айғыз-айғыз, сабалақ күйімде баурына басты.


— Толыбай атаңның баласы сен ауырып жатқанда қызылшадан өліп қалды ғой... Қартбай ше?.. Оның да жалғыз баласы еді, қартайғанда көрген...


— Неге өлді, апа?..


— Қызылша деген бәле өзімен ала кетті ғой... Құдай қарасып, сен аман қалдың... Соны неге түсінбейсің?..


— Баласы өлген адамдар жылайды ма, апа?..


— Қой айта көрме бәленің атын. — Апам мені айқара құшақтап, баурына қатты қысты. — Баласы аман адам жылаушы ма еді?


Мен мұнан кейін де жүгіріп ойнап кете алмай, үйдің ішін төңіректеп көп жүрдім. Әлсізбін. Әкем әлдебір шаруалармен қала жаққа барып қайтып еді, маған түрлі-түсті бояулы қаламдар әкеліп, оны өткір шаппасымен ұштап берді. Ендігі ермегім сурет... Ақ парақ жоқ-ау демеймін, үйдің қабырғасы, есіктің жақтауы, кішкене орындығымыздың аяғы демеймін, қолым қалт етсе сурет саламын. Өзіме опық жегізген "Еділбай қошқар" да осында... Оған жүгіріп бара жатып, тыраң асып құлап жатқан өзім де бармын. Атынан секіріп түсіп, ебіл-дебіл шығып жылап отырған Толыбайды да айнытпай бейнелесем керек. Көзінің алдынан сорғалаған жасын сүйретіп әкеліп тонының етегіне жеткіздім, оған да місе тұтпай, кішкене көлшік жасадым. Басына тымағын кигіздім, сақалын ұмытқам жоқ, байпағын қоса көрсетемін деп екі аяғын және келідей қылдым. Көптен бері көз алдымнан кетпей жүрген көріністі сурет арқылы жеткізгеннен кейін, жаным тыншығандай жайбарақаттанғам.


Әкем есіктің бетіне салынған бұл суретке қарап тұрып, ұқсата алмаса да менің ойымды тереңнен түсінеді.


— Өшіріп таста, үлкен кісіні әлемештеп есікке салып қою ұят болады.


Ал, шын мәнінде, Толыбайды мазақ ету ниетімде жоқ еді, бұл менің өмір тұрғысындағы тырнақалды туындым болатын, ол сезімімді жеткізе алмаған соң, әкемнің айтқанын қылып, әлгі суретті үстінен бастыра бояп тастадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу