19.05.2021
  227


Автор: Қадыр Мырза Әли

Ата-тек

— Мына бізге еліміз
Құрметпенен қарайды.
Арғы атамыз, тегіміз,
Ақыл-ойдан тарайды!
Біз өмірдің сәні,— деп,
Кітап сырын бастады.
Оның сөзін:— Пәлі!— деп,
Қылыш кесіп тастады.—
Шайқастарда ғаламат
Шіріткен сан терлікті
Біздер болсақ, жамағат,
Баласымыз Ерліктің!—
Домбыра сәл дың етті:
— Сол да сөз бе!
Тіпті мен
Туысқанмын жүректі
Талант деген мықтымен!
— Еңбек,— деді,— атамыз,
Кетпен белін таянып.—
Елден кейін жатамыз,
Елден бұрын оянып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу