19.05.2021
  579


Автор: Қадыр Мырза Әли

Киімдер қалай күйінді?

Тартынба,
Бар,
Тыңда!
Шкафтың
Артында
Осы тек әлгінде
Басталды әңгіме:
— Көрдім ғой көп тепкі,—
Деді өксіп Көк Кепкі—
Жалқын Күн
Көзінен,
Салқынның
Өзінен
Басыңды қорғаймын,
Бірақта зор қайғым.
Алысар біресе,
Біресе
Күресер,
Күрессе —
Тіресер,
Иесім — бір есер.
Бала емес — бөлтірік,
Ішімді толтырып,
Досына
Атады,
Осы да
Батады.
Ол маған «Алғалап!»
Қағамын қалбалақ.
Самғап бір ұшамын,
Сосын жер құшамын.
Тұрмайды мені аяп,
Төнеді желаяқ.
Доп қылып тебеді,
Сонда ішім кебеді.
Іш кепкен кепкен бе,
Сау емес өкпем де!
Жұтамын күл-күбір,
Оған бүл күлкі бір.
Іште не жылғы бір
Бар шығар қыл-қыбыр.
Болам ба соқыр ішек!
Сорымда жоқ бір шек.
Әрі кір, әрі май
Қайран кең қарным-ай!
Сен өткен көп қой сын,
Не көргем жоқ дейсің!
Өтті ғой қылығы-ақ!
Қолдорба қылып ап,
Жаз күні рақат
Салды көп қарақат.
Кепкі деп көріп пе,
Салды ғой өрік те;
Бастаса «кәсібін»,
Салады асығын...
Санасам бітпейді.
Мені түк күтпейді.
Сәнімді кетірді,
Бояудың не түрлі:
Қызылы, ағы бар,..
Менде сан дағы бар. 
Бір күні жүгермек
Таба алмай шүберек,
Менімен,
Жеңімен,
Бәтір-ай!
Япыра-ай!
Тақта да сүртті ғой,
Не керек, құртты ғой!
Құртты ғой!
Құртты ғой!
Үйде де, түзде де,
Жазда да, күзде де
Іліп бір қоймайды,
Ол ма, ол оңбайды!
Бұралап сығады,
Қалтаға сұғады.
Тарылып тынысым...
— Рас-ау мұнысы!—
Деп қалта қостады,
Өзге түк қоспады.
— Рас қой, әрине,
Барғанда әр үйге
Мен бір жан жоғалған,
«Әй, саған не болған!»—
Дейді кей таныстар,
Өлем мен намыстан.
«Қожаңның көкпары
Болыпсың!»— деп бәрі
Есіркеп
Қарайды,
Мүсіркеп
Тарайды.
Түстен түс қалмады,
Үстен үс қалмады.
Озбыр жан
Қорлаған
Біз бір жан
Сорлаған!
— Мен де бір
Сен де бір.
Не болмақ
Енді өмір?!—
Деп Қалта күрсінді
Маған да тер сіңді.
Он тісті
Тарақ та
Мың түсті
Парақ та,
Мүжілген
Борың да,
Үзілген
Торың да,
Нысапсыз
Қасық та,
Қисапсыз
Асық та,
Кинолық
Пұлың да,
Қи болып
Шылым да,
Салмақты
Топай да,
Қалмапты,
Не пайда?!-
Тағысын
Тағы бар:
Сарысы,
Ағы бар
Қарнымды керді ғой,
Көрместі ол көрді ғой!
Сан рет тесілген,
Сан рет кесілген,
Сан рет тігілген,
Сан рет сөгілген
Не қалды
Қарында?!
Жоғалды
Арым да!
Зарлаумен
Келемін,
Қарғаумен
Өлемін!
Өйтпеске шама жоқ,
Қожамда сана жоқ!
— Не болды сонша арып
Деді оған Жүн Шарф,—
Болды ғой малай ғып,
Өңештен алайық!
— Бұл рас, бұл дұрыс!
Ойланар бұл бір іс!—
Деп Калош қостады,
Өтірік қоспады.—
Тегінде
Менің де
Өтті ғой көп күнім
Астында тепкінің!
Қыруар
Сыры бар,
Өмірге
Қыры бар
Жан едім мен де бір,
Қызықсыз енді өмір!
Өйткені
Ит мені
Жуықта
Сызға сап,
Суықта
Мұзға сап,
Жекті ғой,
Тепті ғой!
Мөр содан кетті ғой!
Өңі жоқ, сұры жоқ,
Өмірге қыры жоқ
Жан болып қалдық біз,
Қорлыққа қандық біз.
Айтқанға қыңбайды,
Артымен тыңдайды.
Міне, ақыр түбінде
Қалмады түгім де:
Басылды үнім де,
Жығылды жүнім де,
Сынды ғой сағым да,
Еріккен шағында
Тынымсыз қуалап,
Тебеді құмалақ.
Ол босқа
Аптығып,
Жолдасқа
Қақтығып,
Кірпішке
Тиісіп,
Бар күшпен
Түйісіп,
Тұмсық та қалған жоқ,
Сөзімде жалған жоқ.
Кетіп жүр есеміз,
Ойын-той десеңіз,
Желігіп тасады ол,
Желкемнен басады ол.
Бірдеңе айтсам-ақ,
Кек санап,
Көп сабап:
«Осы деп керегі!»—
Аузымды кереді.
Қиын ғой төзуім,
Жыртылды езуім.
Су жұқпас
Қушық бас,
Бетіме
Жан шықпас,
О, құрбым,
Қыр мұрын
Емес пе ем
Мен бұрын.
Көп азап
Көріп мен,
Ең ғажап
Көріктен:
Бетімнің
Әрінен,
Етімнің
Бәрінен
Ада боп болдым ғой,
Құсадан солдым ғой!
О, досым, досым-ай!
Осыдан осылай
Берсем мен күйіне,
Жындылар үйіне
Түсетін шығармын,
Онымды ұғар кім?!
— Ұққанда қайтпекпіз,
Айтар ек «тәйт» деп біз,
Шығып қан сорпамыз
Қалар деп қорқамыз,—
Деді оған қос Шұлық—
Керек бір басшылық!..
— Көп күйік тарттық та,
Кәрілік қарттыққа
Жетпей-ақ жасымыз,
Ағарды шашымыз.
Жоқ емес досымыз,
Несіне осы біз
«Жынды деп төреміз»
Жалтақтай береміз?!—
Деп Белбеу кірісті.
Жейде оған ұрысты:
— Қайт дейсің ал сонда?!
— Қырылып қалсаң да,
Қарсылас!
Жағалас!
Төбелес!
Сабалас!
Оның да жаны бар,
Оның да қаны бар.
Келгенде кезегі
Таяқты сезеді.
Оны да жөнімен
Жонына менімен
Танытып көкесін
Ұрғанда әкесі,
«Батырың» лепірген
Өгізше өкірген!
— Мұның да жөні бар,
Бірақ сол «жануар»
Біздерге бой берсе...
— Ой, персе!
— Ой, персе!—
Шек бар ма ызада,
Мәжіліс ұзады.
Түн ауып барады,
Шер аздап тарады.
Сабалған
Пальто бар,
Жамалған
Қалта бар,
Өңешке өш
Шарф бар,
Қос Калош
Ғаріп бар,
Өзара келісіп,
Міндетті бөлісіп,
Сағат үш соққанда,
Келді бір тоқтамға.
«Ол тоқтам не тоқтам!
Аман ба шатақтан?
Ол қандай келісім?
Ұқпадым мәнісін!»—
Деп, досым, асықпа!
Асып та,
Қашып та
Уақиға озбайды,
Оны уақыт қозғайды.
Қайтеміз босқа ойлап,
Не болып, не қоймақ
Білмейміз таң атпай.
Ал таңға үш сағаттай
Уақыт бар,
Балалар!
Кез келді дем алар.
Дем алғың келмесе,
Ұйқы ойды бөлмесе,
Есіңе түсіріп,
Сөйлесі шешіліп!
Әр уақта:
Құрғақта,
Батпақта,
Аптапта
Көшеде, үйіңде
Қалайсың киімге?!
Сәнсіз боп кетед деп,
Шалбарды өтектеп;
Тап-таза жүрем деп,
Етікті кремдеп;
Болсын деп бұл да оңды,
Щеткілеп пальтоңды —
Болуға мұнтаздай
Әлде, дос, құнт аз ба?!
Жағдайда, ал мұндай
Мүлгімей, қалғымай,
Болған көп тепкіңде
Қолқабың,
Кепкің де,
Сермеп қол-құлашын
Калошың,
Плащың,
Бәтіңкең, тегінде,
Дәл өзің жөнінде
Шындықты шотқа ұрып,
Сыртыңнан сот құрып,
Жатыр ма кеңесіп,
Тұр соның лебі есіп.
Оны да көрерміз,
Жыр қылып берерміз.
Тұрмай төрт тағандап,
Бұл сөзді тәмәмдап,
«Хал-жағдай қиын!»— дер
Күйінген киімдер
Жағына кайталық,
Сол жайлы айталық.
Көздері былшықты
Түн қашты,
Күн шықты.
Жұлдыздар ұрланды,
Төңірек нұрланды.
Табиғат боянды,
Ел ерте оянды.
Тек қана Еркебек
Еркелеп,
«Ерте!»—деп,
Ұйқыға беріліп,
Ерініп,
Керіліп,
Жаңылмай есептен
Жәй тұрды төсектен.
Көздерін уқалап,
Ұйпалақ-ұйпалақ
Киімін іздеді.
Бірақ түк сезбеді.
Төксін деп көз жасын,
Састырып қожасын,
Киімдер ызалы:
«Саған да біз әлі
Сазаңды береміз!
Сонда бір көрерміз!»—
Десіп,
Дем алған-ды,
Тығылып қалған-ды.
Еркебек ал енді
Ұқпай бұл пәлеңді,
Бар жайды өң көріп,
Қопарып, төңкеріп,
Қоқсытып үй ішін,
Ашыды миы шын.
Уһлеп,
Аһлап,
Үлкеннен ақыл ап,
Өңгенің күшімен,
Үйінің ішінен
Киімін тапты-ау бір,
Уақыт та өтті-ау құр!
Сабаққа асығып,
Сумкасын асынып,
Калошын сұға сап,
Жүгірді ол шыға сап.
Кез болса күз еді,
Көкте бұлт жүзеді.
Ауада сыз еді,
Жерде көк мұз еді.
Алқынып, аптығып,
Әркімге қақтығып,
Асыққан «батырды»
Калошы қатырды:
Күлкі ғып көп қызға,
Тайғанақ көк мұзға
Көтеріп бір ұрды,
Көр енді сығырды!
Дәл осы мезетте
Сақ тұрған кезекте
Қалта да бір істі
Істеуге кірісті.
Томпая қала сап,
Жалма-жан ала сап,
Винтті де, тасты да
Жамбастың астына
Қойды да толтырып,
Бұйырды ол тұрып:
Иесіне «Жат!»— деді,
Винтке «Ал, бат!»—деді.
Дәл осы мезетте
Сақ тұрған кезекте
Пәлеқор о тегі
Пальтоның етегі
Түрілді қастықпен,
Ауыртты тас тіптен.
Тауып бір амалды,
Винтің де қадалды.
Дәл осы мезетте
Сақ тұрған кезекте
Есінде көп тепкі
Ашулы Кек Кепкі:
«Көк мұзды жат құшып!»
Деп өзі кетті ұшып.
Күлкі боп көп қызға
Бас жатты көк мұзда.
Киімдер шындапты,
Жанына шын батты.
Еркебек:— Ой!— деді!
Киімдер:— Қой!— деді.—
Жүр едің қақсатып,
Шығардық ақсатып.
Істеп ең өктемдік,
Біз қатты кектендік.
Түгі жоқ корынар,
Бұдан да зоры бар.
Әліңді шамала,
Бізді де бағала,
Әйтпесе, о, бала,
Боласың көкала!—
Обал, ә?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу