18.05.2021
  165


Автор: Кәмел Жүністегі

Абылай алты ағашының ізімен

Өткен ғасырдың елу жетінші жылының жазы еді.Он сегізге енді іліккен шағым. Ұлытауды да алғаш көріп, тамсаған шағым. Ұлытаудан жиырма-отыз шақырым Ешкі- өлмес деген жерде біраз болуға тура келді. Сол жерден Құрман деген дос таптым. (Cол достығымыз әлі үзілген жоқ).Құрманның әкесі Молда Ысқақ, неге екені белгісіз,маған сенім артып,1931 жылғы көтеріліс туралы әңгіме шертіп еді.Сол сенімін ақтай алдым ба екен?


Ешкіөлместе Жақсылық атты завхоздың үйіне барып, қымыз ішіп тұратын едік. Жақсылықтың қарындасы Орын-күл мен қалмақ қызы Санжиева тіл үйірген қымызды кезек са- пырып, ағаш тостағандарды босатпайды. Сондай отырыс-тың бірінде дембелше келген, қараторы жігіт өрімі жуан тобылғы сапты қамшысын бүктей ұстап, сәлем бере кірген. Ағынан қарасы көп көзінде ұшқын бар өзіміз қатарлы жігіттің жүзі аса жылы еді. Ығысып төрден орын бердік.Жігіт әңгімешіл екен. Есімі Кенжебек екен. Әңгімеден құр қалмайтын отағасы Жақсылықтан Ешкіөлместің асбесінің талшығын ұршыққа иіріп, шекпен тоқып киген Жайлаубай Кеңесұлы туралы естідік.


Кенжебектің өрімі жып-жылмағай жылан сырт қам-шысын томашалап, қолдан-қолға өткіздік. Қамшының ала-қанын да әдемілеп келтіріп, шашақтап,бүлдіргісін өріп- өрнектеп, тобылғы саптың үстінің әр жеріне шашақпен түймелеп сәндеп бағыпты.


Сөйтіп отырғанда Кенжебек қалтасынан қарындаштан сәл жуан, ұзындығы он сантиметірдей алты ағашты алды да, бірін-біріне кертіктерін қиыстыра сұғыстырып бізге ұсынды. Әуелі қолын алған Нұра аудандық Жолдыбай Төлеуов деген досым.


– Бұл не? – деп сұраған.


 



  • Мен қиыстырдым ғой, енді ажыратып көрші, – деген Кенжебек күлімсіреп.


Жолдыбай біраз әуреленді. Алты ағашты кезек-кезек жұлқылады, мән шықпады. Жақсылық алып ажырата ал- май Құрманға ұсынды. Қолы түгілі, тісін жұмсаған Құрман әбден терлеп, «мынау не керемет деп тоқтаған». Орынкүл мен Санжиева да құр қалмады. Соңғы кезек маған келген. Күштедім болмады. Қисынын табуға тырыстым, көнбеді. Бір- біріне сызатсыз жымдасқан алты ағаштың кертіктері көзге ілінбеді. Ұзақ әуреленіп, болдырып барып мен де қой-дым да Кенжебектің өзіне ұсындым.


Кенжебектің бас бармағы алты ағаштың біреуін сыр-ғытып жібергендей көрінді де бәрі бөлініп-бөлініп шыға келді.



  • Әй мұны қайдан алдың? – деп сұрады Жақсылық.

  • Маған Оқап Жұмабекұлы жасап берді. Абылайдың алты ағашы осы екен, – деп күлімсіреген Кенжебек.


Иә, Абылайдың алты ағашымен алғаш рет осылай кезіккен едім.


Аңыз, Абылай қапы алыста дұшпанның қолына түскен дейді. Күзет мықты, қашуға жол жоқ, ұзақ жатса керек. Бір жолы Абылай өзін күзеткен қалмақ шалына бір жаман бата айтшы деп сұрапты. Сонда күзетші «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген екен. Қапастан құтылудың Абылай амалын ұзақ ойласа керек. Сонан қалмақ ханына шарт қойыпты. «Мен бір жұмбақ айтамын. Осыны шешсеңдер мен тұтқын болып қала беремін, шеше алмасаң босатуға келіс» депті. «Біз де ел емеспіз бе, бір қазақтың жұмбағын шешерміз».


Деп қалмақ ханы келіскен екен. Хан қалмақ елінің бар білгіш, жақсы-жайсаңын жинап, Абылайды алдырып:



  • Айт жұмбағыңды, – десе керек.


Сонда Абылай қиюын білдірмей жымдастырған осы сынық сүйемдей алты ағашты қолына беріп, «сындырмай, бүлдірмей ажыратуын талап етеді». Қалмақтың бар жақ- сысы, данасы, күпінген-ісінгені кезек-кезек қолға алып, бір түс арпалысып, шешуін таппаса керек. Талабы орындалған Абылай осылай босанған екен. (Енді біреулер қазақтың бір


 


топ азаматын босатқан) деседі.


Ұзақ жылдар осы Абылай алты ағашы естен кетпеді. Қалам ұстағанның біразына айтып көрдім. Ақын – өлеңнен аспады, прозашы оған қадам баспады. Сонан 47 жыл өткен соң Құрман досымды іздеп барғанмын. Жанымда Мағзұмбек редактор, музей бастығы Сейтжан. Абылай алты ағашын тағы сөз еттім. «Кенжебек менің інім ғой, алты ағашты ұстап жүретін, өзі қайтыс болды», – дейді Сейітжан. Абылайдың жұмбақ ағашы кімнің қолында кеткені белгісіз. Ендігі өскен жұрт бұл туралы естімепті де. Біраз сұрастырып көріп едім, ақсақал дегендердің өзі көрмеген, білмеген болып шықты.


«Шіркін-ай, осындай мұраға да ие бола алмайтынымыз- ай» деген өкініш кеудені қысқан.



  • Сейітжан, сен ізіне түс,тапсайшы, – деп өтіне беремін жолдастан.


Биыл, 2009 жылы, Едіге батырдың мазарының жайы тура- лы мәселе көтеріп Ұлытауға тағы бардым.



  • Кәмеке, Абылайдың алты ағашы табылды. Сізге де біреуін жасатып қойдым, – деп Сейітжан жарқырай қарсы алды.


Әйтеуір біреуден алты ағаштың сынығын тауыпты. Соған қарап құрастырып, музейге әлденешеуін қойғызыпты.Мек- теп оқушыларын музейге шақырып, Абылайдың алты ағашын көрсетіп, қыр-сырын таныстырып, аңызына да қанық етсе ке- рек.


Сөйтіп жарты ғасырдан артық уақыттан соң Абылай бабамыздың қапастан құтқаруға себепші болған қыры да, сыры да молалты ағашпен көрістім.


Үйімнің төрінде тұрған Абылайдың алты ағашына күніне бір қарап қоямын да, тағдыры талайға толы қазақ елінің та- рихын көз алдыма елестетемін.


 


Алла халқымның шаңырағын биік етсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу